Туризм саласына 1,2 трлн теңге инвестиция тартылды
Туризм – демалыс. Халықтың денсаулығы үшін қажет-ақ. Екіншіден қыруар пайда әкеледі.
Әлемдегі жалпы ішкі өнімнің шамамен 10 пайызы осы салаға тиесілі. Біздің ел туризмге инвестиция көлемін жылдан жылға арттырып келеді. Өйткені қазақ даласына саяхатшылардың қызығушылығы зор.
Қазақ даласының тұмса табиғаты туристердің таңдайын қақтырады. Аспанмен таласқан Алтай мен Алатау, ежелгі мұхиттардың мұрагері Каспий, тау қойнауындағы маржандар Көлсай мен Қайыңды, шөл даланың өрнегі Бозжыра. Айта берсе, таңды таңға жалғауға болады. Дәл осы табиғаттың сыйы ел экономикасының бір тамырына айналды.
Салаға салынған инвестиция көлемі 1,2 трлн теңгеден асты. Бұл өткен жылғы дәл осы кезеңмен салыстырғанда 32 пайызға көп. Кейінгі 6 жылда 573 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, туристер аялдайтын нысандар саны 4 жарым мыңға жуықтады. Жыл басталғалы бері қонақүйлер мен демалыс базаларының қызметінен түскен табыс 350 млрд теңге болды. Былтырғыдан 17 пайызға артқаны байқалады.
Елге 84 елдің азаматтары визасыз кіреді
Елге әлемнің түкпір-түкпірінен туристер ағылып жатыр. Спорт және туризм министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 84 мемлекеттің азаматтары Қазақстанға визасыз кіре алады. Тағы 102 мемлекеттен келушілер үшін электрондық виза қолжетімді. Біздің ел 30 мемлекетпен халықаралық әуе қатынасын жүзеге асырып келеді. 145 бағыт бойынша апта сайын 812 рейс орындалады.
Сонымен қатар курорттық аймақтарда, атап айтқанда, Зайсан, Қатонқарағай және Кендірліде жаңа әуежайлар салынып жатыр. Шығыс аймақта таулы жер бедеріне байланысты құрылыс оңайға соқпағаны рас. Дегенмен жобаны биыл желтоқсанға дейін толық аяқтау көзделген. Зайсандағы әуежай сынақтан өткізуге дайын. Ал Кендірлідегі нысан төртінші тоқсанда қолданысқа беріледі. Инфрақұрылымды жақсарту әуежай құрылысымен ғана шектелмейді. «Жаңа қонақүй кешендері мен сапалы жол қажет», - дейді жергілікті қоғам белсенділері.
Сымбат Рамазанов, өңірлік туризм кеңесінің төрағасы:
- Алдын ала дайындық жұмыстарын жүргізу керек деп ойлаймын. Өйткені аэропорттың тек өзін ғана салу – бұл басты мақсат емес. Ол жерде үлкен комплекстік жұмыс тұр. Өйткені бұл жерде такси қызметі бар, жатар орын бар, қонақ үйлердің қызметі бар. Сондықтан бұлардың барлығы аэропорттың аясында үлкен қызмет атқарып, жұмыс жасауы керек.
Алакөл мен балқашқа бет алғандар көп
Ал көркі мен шипасы үндескен Алакөлде демалушылар саны биыл 2 млн-нан асуы мүмкін. Мамандардың болжамы осындай. Бұл аумақта саяхатшыларға 300-ден аса демалыс орны қарастырылған. Сондай-ақ туризм әлеуетін арттыру үшін 6 жарым млрд теңгеге тағы 6 нысан салынып жатыр. Ал бір жағалауы тұзды, бір жағалауы тұщы Балқаш көлі де туризм трендінен түскен емес. Бүгінде мұнда 200-ге жуық қонақ үйі жұмыс тұр. Инвесторлардың құрылысқа кеткен шығынының бір бөлігі мемлекет тарапынан өтеліп жатыр.
Мағжан Мәжит, «Kazakh Tourism» ҰҚ маманы:
- Қонақ үй мәселесін шешу үшін мемлекет инвесторларға нақты экономикалық стимул беріп отыр. 2022 жылдан бастап нысанды пайдалануға берген соң оның құрылыс шығынының 10%-ын өтейді. Бұл құрал өз тиімділігін көрсетті – 3 жыл ішінде 64 нысан қолдау алып, 2025 жылдың соңында елдегі қонақ үйлер саны 4 482-ге жетті.
Гидтерге талап күшейтілді
Енді екінің бірі гид бола алмайды. Елде гид, экскурсия жүргізушілері және туризм нұсқаушылары қызметінің бірыңғай қағидалары бекітілді. Олар eLicense.kz порталына тіркелуі қажет. Құжатта қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылған. Электронды тізім министрліктің интернет-ресурстарында орналастырылады. Бұл туристерге заң талаптарына сәйкес қызмет көрсететін мамандарды таңдауға мүмкіндік береді.