Астанада күзде AI & Digital Bridge 2026 форумы өтеді

113 компания «Google салығын» төлейді

Шетелдік цифрлық компаниялар Қазақстан нарығынан миллиардтаған қаражат тауып отыр. Әлбетте оның бір бөлігі бюджетке салық боп түседі. Бұл 2022 жылы енгізілген міндет. Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегіне сүйенсек, осы уақытқа дейін қазынаға 178,8 млрд теңге түскен. Қазір «Google салығын» 133 шетелдік компания төлейді. Олар қазақстандықтарға онлайн тауарлар мен цифрлық қызметтер ұсынады. Сарапшылар арнайы салық механизмінің бюджетке қосымша қаражат түсіруге әрі бәсекелестікті теңестіруге бағытталғанын айтады.

«Google салығын» біздің елге Apple, Amazon, Alibaba, Google, Meta, Microsoft, Netflix, OpenAI, Ozon, Temu, TikTok, Samsung, Sony және Zoom секілді әлемдік компаниялар төлейді. Биыл олардан 51 млрд теңге салық түскен. Соның ішінде қытайлық компаниялардың үлесі зор. Бұдан кейін Apple тұр. 11,2 млрд теңге түсті. Мамандар елде тіркелген шетелдік кәсіп иелері жыл сайын салық төлемеуі мүмкін екенін де ескертті. 

Бюджетке түскен «Google салығы»:

2022  — ₸10,4 млрд

2023 — ₸24,3 млрд

2024 — ₸35 млрд

2025 — ₸57,6 млрд

2026 — ₸51,5 млрд

ЦИТАТА

ҚР ҚМ мемлекеттік кірістер комитеті:

- ҚҚС компания Қазақстан азаматтарына тауар немесе қызмет сатқан жағдайда ғана есептеледі. Сондықтан белгілі бір компания бойынша салық төлемінің көрсетілмеуі оның қазақстандық тұтынушыларға сол кезеңде тауар немесе қызмет ұсынбағанын білдіруі мүмкін. Әйтсе де, шетелдік цифрлық компаниялардан бюджетке түсетін салық көлемі кейінгі жылдары айтарлықтай өскен.

5 жылда IT қызметтер экспорты 34 есе өсті

Еліміз IT нарықтан да пайда көре бастады. Осыдан бес жыл бұрын алғашқы IT қызметтер экспорты 33,5 млн доллар болса, қазір 34 есе өсіп, 1 млрд 142 млн доллардан асты. Яғни аз уақытта нық қалыптасып, экономика үшін маңызды бағытқа айналды. Мамандар импорттың жылдан-жылға төмендеп жатқанын айтады. Мәселен, былтыр шет елдерден 429 млн долларға цифрлық шешімдер сатып алдық. Ал IT қызметтер экспорты одан 2 жарым есе көп. 

IT қызметтер экспорты:

2020 жылы $33,5 млн

2021 жылы $60,07 млн

2022 жылы $337 млн

2023 жылы $529,1 млн

2024 жылы $690,7 млн

2025 жылы $1,142 млрд  

Диана Бақбергенова, IT сала бойынша сарапшы:

- Қазақстандық мамандар Қазақстанда тұрып, шет елге жұмыс істейді онлайн арқылы. Аутсорсинг ол, мысалы, шет елде команда, ұжым керек болады және немесе компания олар өзінің back end керек заттарын сырттан, экспорттан тауып, оны бізге енгізе, өзінің еліне енгізе алады. Ол не себептен оларға ыңғайлы? Себебі олар әрине өздерінің қаражаттарын үнемдегісі келеді. Сол себептен IT экспортқа барады.  

5 жылда IT қызметтер экспорты 34 есе өсті 

Сарапшылар Қазақстанды Еуразиядағы маңызды технологиялық экспорттаушылардың қатарына қосады. Отандық IT компаниялардың өнімін 110-нан аса мемлекет сатып алады. Бір ғана Astana Hub резиденттерінің 634 млн доллар жұмсағаны белгілі. Халықаралық нарықтарға 537 компания шыққан. Осы экожүйеде 32 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Нәтиже айтарлықтай.  Елдің IT өнімдері мен қызметтері келешекте АҚШ, Еуропа, Таяу Шығыс және Азия алаңына шығарылады. Иә, алғашында экспорт көлемін 2030 жылға қарай 5 млрд долларға жеткізу жоспарланған. Қазіргі қарқын сақталса, бұл межені ерте бағындыруымыз да мүмкін.

Күзде AI & Digital Bridge 2026 форумы өтеді 

Қазан айында Астанада AI & Digital Bridge 2026 форумы өтеді. Дәстүрлі халықаралық технологиялық жиынның атауы да, маңызы да өзгерді. Яғни қатысушы компаниялар, стартаптар мен инвесторлардың да қарасы қалыңдай түседі. Нақты осы форумда ұлттық AI экожүйесі қалыптасады, цифрландыру саласындағы мемлекеттік саясат бекиді, жаңа мамандар даярлау жайы пысықталады. Ал дәстүрлі Astana Hub Battle жас дарындардың өнімін халықаралық нарыққа шығаруға жол ашады дейді мамандар.

Иә, былтыр елде ЖИ саласындағы заң нығайды, отандық IT жобалар мен IT компаниялар саны артты. Бұл үдеден әлі де шығып келеміз. Демек, Қазақстан жаһандық цифрлық үдеріске сенімді түрде еніп жатыр.

Экономикамыз қуатты, күндеріңіз шуақты болсын.