Медицина мен әлеуметтік қызметтерге 1 трлн теңгеден астам қаржы жұмсалды
Қазақстанда биыл екінші тоқсанда денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласында 1 трлн 54,9 млрд теңгенің қызметі көрсетілді. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Қаржының жартысына жуығы – 49,8%-ы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражаты есебінен игерілген. Бюджеттен 20,8%, халықтың өз қаражатынан 20,4%, кәсіпорындар есебінен 9,1% төленген.
Қызметтердің ең үлкен көлемі ауруханаларға тиесілі. Олар үш айда 532,8 млрд теңгенің қызметін көрсеткен. Денсаулық сақтау саласындағы өзге ұйымдардың көрсеткіші – 175,5 млрд, ал жалпы дәрігерлік тәжірибе ұйымдарында – 164,5 млрд теңге.
Денсаулық сақтау қызметтерінің ішінде ең төмен көрсеткіш стоматология саласында тіркелді – 61,8 млрд теңге. Арнайы дәрігерлік тәжірибе бойынша қызмет көлемі 61,2 млрд теңгені құрады.
Әлеуметтік қызмет көрсету саласында қарттар мен ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға тәулік бойы тұруға жағдай жасайтын ұйымдар 42,1 млрд теңгенің қызметін көрсетті. Ал адамдар тұрақты тұрмайтын, яғни әлеуметтік қызметті күндіз ғана немесе үйіне барып алатын ұйымдардың көрсеткіші 16,9 млрд теңге болды.
Көрсетілген қызметтердің басым бөлігі мемлекеттік ұйымдарға тиесілі – 58,4%. Жеке меншік ұйымдардың үлесі 38,2%, шетелдік меншік ұйымдардың үлесі 3,4% болды.
Ал кәсіпорындардың көлемі бойынша ірі бизнес алда. Олар көрсеткен қызметтердің жалпы құны 589,5 млрд теңгеге жетті. Шағын кәсіпорындардың үлесі – 288,8 млрд, орта кәсіпорындардікі – 176,6 млрд теңге.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз