«Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» бейнеленген коллекциялық монеталар айналымға шығады
Қазақстан Ұлттық Банкі «Мифтер, аңыздар, әзіл әлемі» сериясы аясында «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» коллекциялық монеталарын айналымға шығарады, деп хабарлайды 24KZ Ұлттық банкке сілтеме жасап.
Монеталар 2026 жылғы 2 қыркүйектен бастап Ұлттық банктің интернет-дүкенінде сатылымға шығарылады.
Коллекциялық монетаның дизайны қазақ халқының әйгілі «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырының желісі бойынша әзірленген. Дастан қазақ фольклорындағы махаббат пен адалдықты арқау еткен ең көне әрі құнды шығармалардың бірі саналады.
Монета мельхиордан (МН 25) жасалған. Оны әзірлеу барысында тампонды баспа технологиясы қолданылған. Салмағы – 15 грамм, диаметрі – 33 миллиметр. Номиналы – 200 теңге, таралымы – 7 мың дана. Монетаның сапасы – «brilliant uncirculated».
Коллекциялық монеталар Қазақстан аумағында белгіленген номиналы бойынша төлемнің барлық түрінде қабылданады. Сондай-ақ оларды еліміздің барлық банктерінде банк шоттарына есепке алуға, аударуға, ұсақтауға және айырбастауға болады.
Монеталар Қазақстан теңге сарайында шығарылды.