ЭКА жоғары өңделген өнім экспортына басымдық береді

Биыл отандық экспорттаушыларды қолдау көлемі 418 миллиард теңгеден асты.

Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі елдегі өндірушілерге осылай қолдау білдірген. Бүгінде агенттік республикадағы кәсіпорындардың өндірістік қуатын кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықаралық сапа стандарттарын енгізуге ықпал етіп отыр.

«КСЕР» елдегі жетекші кәсіпорындардың бірі. Мұнда кабель өнімдері мен телекоммуникациялық жабдықтар өндіріледі. 30 жылдан астам жұмыс істейтін зауытта байланыс желілеріне арналған құрылғылардың түр-түрі шығарылады. Кәсіпорын өз өнімін Германия, Дания, Австрия және Тәжікстан секілді бірқатар елге экспорттайды. Бұл істе Экспорттық-кредиттік агенттіктің қолдауы айырықша, дейді зауыттың бас директоры.

Сергей Ким, "KCEP" ЖШС бас директоры:

- Қазір банктерде пайыздық мөлшерлеме жоғары. Біздің зауытқа ол тиімсіз. Сондықтан Экспорттық-кредиттік агенттікке жүгіндік. Бүгінде агенттік бізге үлкен қолдау көрсетеді.

Биыл агенттіктің қолдауына шикізаттық емес сектордағы 70-ке жуық отандық өнідіруші ие болды. Нәтижесінде ел экономикасына тікелей 1,7 триллион теңге пайда түсті. 

Светлана Полянская, "Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі" АҚ сақтандыру және кепілдік беру департаменті директорының орынбасары:

- Біз өнімді ілгерілету және шетелдік сатып алушылар тарапынан төлем жасамау тәуекелдерін сақтандыру бойынша өндірушілерге қолдау көрсетеміз. Сондай-ақ экспорттық келісімшарттарды орындауда қолайлы шарттар ұсынамыз. Біз үшін өз өнімдерін шетелге экспорттайтын отандық компанияларды қолдау өте маңызды.

Қазір агенттікте қазақстандық өндірушілер үшін «жеке кабинет» пен шетелдік сатып алушыларға арналған «экспорттаушы сөресі» деген 2 платформа жұмыс істеп тұр. Биылғы жартыжылдық ішінде онлайн-кабинет арқылы 120-ға жуық өтінім өңделсе, интерактивті витринада 466 жергілікті кәсіпорынның 900-ден астам өнім түрі таныстырылды. Бұл мекеменің дамыған заманнан қалыс қалмай, цифрландыру үдерісіне де айырықша назар аударатынын білдіреді.  

Альмира Оразбай, Мұрат Арипханов

Сондай-ақ оқыңыз: