«Ұмай» бағдарламасына бір күнде 855 әйел өтінім берген
«Ұмай» бағдарламасына өтінім қабылдау басталған алғашқы күні 855 әйел өтініш берген. Бұл туралы «Отбасы банк» мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
31 тамызда басталған қабылдау кезінде барлық өтінім берушіге алдын ала несие мақұлданған. Әйелдер сұраған қарыздың орташа сомасы 23,4 млн теңгені құрады.
Бағдарламаға қатысуға өтініш бергендердің жасы 18 бен 63 жас аралығында. Орташа жас – 39 жас.
Алғашқы өтінімді Астанада тұратын 29 жастағы тарих пәнінің мұғалімі берген. Оған 21 млн теңге көлемінде алдын ала несие мақұлданған.
«Ұмай» бағдарламасы әйелдерге тұрғын үйді жеңілдетілген шарттармен сатып алуға мүмкіндік береді. Қарыз алушы депозитінде қажетті жинақ сомасын қалыптастырғаннан кейін, қарыз тұрғын үй заемына ауыстырылады. Бұл ай сайынғы төлемді төмендетуге мүмкіндік береді.
Бағдарламаға қажетті қаражатты Азия даму банкі ұсынған. Алғашқы транш 9 млрд теңгені құрады.
Өтінімдерге сұраныстың жоғары болуына байланысты «Отбасы банк» Азия даму банкіне екінші траншты мерзімінен бұрын бөлу туралы өтініш жолдады.
«Ұмай» бағдарламасы бойынша өтінім қабылдаудың келесі кезеңі қашан басталатыны әзірге белгісіз. Бұл туралы қосымша ақпарат беріледі, – делінген банк хабарламасында.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз