Пәкістанға автобус экспорттала бастады

Қазақстан теміржол құрылысына отандық өнімдерді пайдаланады. Қиыршық тас та, рельсті де өзімізден. Локомотив, вагондарды да жасаймыз. 

Айтылмай жүрген бір жайт – электро автобустар да өзімізден шығады. Қазір  Пәкістанға экспорттап жатырмыз. Сондай-ақ барлық өнім түрін қоса алғанда, елдің экспорт көлемі артып, жаңа нарықтар ашылды. Кейбір тауарлар үшін халықаралық онлайн сауда алаңы әзірленді.

Қазақстан Пәкістанға электр автобус экспорттап жатыр. Бұл былтыр Исламабадта жасалған келісімшарт негізінде жүзеге асырыла бастады. «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығының мәліметіне қарағанда, алматылық кәсіпорын Азияның оңтүстігіндегі елге 600 автобус жөнелтеді. Коммерциялық келісімнің жалпы құны 100 млн АҚШ долларынан асады. Ал алдағы екі жылда экспорт көлемін кемінде үш есе арттыру көзделіп отыр. Отандық компания еуропалық стандартқа сай автобустардың түр-түрін шығарады. Бұған дейін жылына 1500 көлік шығарса, биыл 3 мыңға дейін жеткізуге ниетті. Өйткені электр автобусына іргелес елдерден сұраныс арта бастаған.

Айнұр Әмірбекова, «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы бас директорының орынбасары:

- Негізгі жүйесі неміс жүйесінен алынған. Жолаушы тасымалдайды. Онымен қатар, туристік автобустар бар. Сосын мынау аэропорттарда жүретін жолаушы тасымалдау және қала ішіндегі жолаушы тасымалдау бар. Сол автобустарды қазақстандық модельге өзіміздің брендті енгізіп, шетелдік стандарға негізделіп жасалған автобус.

Түркияға экспортталған өнім көлемі екі есе өсті

Қазақстан биыл жарты жыл ішінде шетелге 40 млрд доллардан астам өнім сатқан. Бұл былтырғы дәл осы кезеңмен салыстырғанда 8 жарым пайызға көп. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметі осындай. Ең ірі сауда серіктесіміз – Қытай. Қаңтар-маусым аралығында аспанасты еліне 7 жарым млрд доллардың тауары экспортталған. Яғни барлық экспорттың 18 пайызы осы елге бағытталып отыр. Түркиямен де сауда-саттық едәуір нығайды. Бауырлас ел бізден 3,2 млрд долларға өнім түрлерін сатып алды. Алдыңғы кезеңдегіден 2 есе өсіп отыр. Негізгі сауда серіктестеріміздің қатарында тағы Италия, Ресей, Нидерланд, Франция мен Өзбекстан бар. Бұл тізімге қарап, Қазақстанның экспорттық географиясы кеңейгенін аңғаруға болады.

Астық экспортына арналған платформа

Қазақстан мен Қытай астық және тағы бірқатар ауыл шаруашылығы өнімін сатуға арналған цифрлық платформа әзірледі. Онлайн сауда алаңы компаниялардың тікелей байланыс орнатуына және ешбір делдалсыз келісімдер жасауына мүмкіндік береді. Сондай-ақ ашық аукциондар өтеді. Саланың ашықтығы мен кәсіпкерлердің сенімін арттыру үшін кепілдік, онлайн есеп айырысу, тәуелсіз тексеріс және дауларды шешу тетіктері қарастырылған. Бүгінде жаңа платформаға Қазақстанның 35 компаниясы тіркелді. Алғашқы күндері-ақ 24 мың тонна майлы зығырды экспорттау туралы мәмілелер жасалған. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепованың айтуынша, алдағы уақытта онлайн сауда алаңына шығарылатын өнім түрлері мен көлемі артады.

Назгүл Хатепова, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

- Бұл қытайлық серіктестердің қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдеріне қызығушылығы жоғары екенін көрсетеді. Алғашқы кезеңде платформа арқылы дәнді және майлы дақылдар, сондай-ақ өсімдік майы мен май-тоңмай өнеркәсібінің өнімдері саудаланады. Алдағы уақытта Қытай нарығындағы сұранысты ескере отырып, тауарлар тізбесі кеңейтілуі мүмкін.

Қазақ-корей бірлесіп, ет өңдейтін цех салады

Қазақстан мен Корея ет бұқтыратын цех салуды жоспарлап отыр. Қос тарап жобаға 1,3 млн доллар инвестиция салады. Алматыда өткен бизнес форумында осындай келісім жасалды. Одан бөлек Қазақстан Кореяға мың тонна сиыр етін экспорттайды. Екі елдің 200-ден астам кәсіпкері қатысқан жиында жалпы құны 54 млн доллардан асатын коммерциялық құжаттарға қол қойылды.

Сондай-ақ оқыңыз: