«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы нақты нәтиже бере бастады
Биылғы жылдың ортасына қарай Ұлттық қордың валюталық активтері 65,5 миллиард долларға жетті. Бұл жайлы EU Reporter басылымы жариялаған мақалада егжей-тегжейлі айтылды. Онда егеменді байлықты дағдарыс кезеңдерін еңсеруге мүмкіндік беретін резервтердің көлемімен өлшеу әдетке айналғаны айтылған.
Қазірдің өзінде бағдарламаның қызығын көргендер бар. Мәселен, 2024 жылдың ақпанынан биылғы 1 тамызға дейін 338 мыңнан астам жас шамамен 67,8 миллион доллар көлеміндегі төлемдерді игілігіне жаратқан. Ал кәмелеттік жасқа толмаған балалардың қаражатын қор инвестицияға бағыттайды. Демек қаражат еселеніп жатыр.
Жақында Ұлттық қор қаражатының бір бөлігін мемлекеттік маңызы бар ірі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағыттауды жоспарлап отыр. Келер жылы бұл мақсатқа 4 миллиард доллардан астам, ал 2028 және 2029 жылдары жыл сайын шамамен 3 миллиард доллар бөлу көзделген. Бұл инвестициялар әлеуметтік, коммуналдық, энергетикалық және көлік инфрақұрылымы нысандарын салу мен жаңғыртуға жұмсалады.