Қазақстан Канада нарығына 255 млн долларлық тауар шығармақ

Фото: ЖИ арқылы жасалған

Қазақстан Канадаға экспорттауға болатын 45 санаттағы тауарлардың тізімін әзірледі. Олардың жалпы құны шамамен 255 млн долларды құрайды, деп хабарлайды 24KZ Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Канаданың халықаралық сауда министрі Маниндер Сидхумен телефон арқылы сөйлесті.

Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылап, алдағы бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарын айқындады.

Бүгінде Қазақстанда канадалық капиталдың қатысуымен 160-тан астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Дегенмен тараптар қазіргі өзара сауда көлемі екі ел арасындағы ынтымақтастықтың әлеуетін толық көрсетіп отырған жоқ деп бағалады.

Осы орайда Арман Шаққалиев бірлескен ірі жобаларды іске асыруға көшіп, Қазақстан мен Канада арасындағы нақты басымдықтар мен жобаларды қамтитын бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеуді ұсынды. Сондай-ақ «Made with Canada» тәсілі аясындағы бастамаларды дамыту және канадалық өнімдердің Қазақстан нарығындағы үлесін кеңейту мүмкіндігіне ерекше назар аударды.

Біз 45 тауар санаты бойынша жалпы құны шамамен 255 млн АҚШ долларын құрайтын Қазақстанның экспорттық тауарларының тізімін әзірледік. Бұл өнімдерді Канада нарығына ілгерілетудің нақты тетіктерін канадалық тараппен бірлесіп айқындауға дайынбыз. Сонымен қатар Қазақстан канадалық серіктестер үшін Қытай және өңірдің басқа да нарықтарына шығуға мүмкіндік беретін маңызды алаң бола алады, – деді Арман Шаққалиев.

Кездесу барысында атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастыққа да ерекше назар аударылды. Канадалық тарап шағын модульдік реакторларды іске асыру, оның ішінде Darlington SMR жобасы бойынша тәжірибе алмасуды, сондай-ақ CANDU технологияларын зерделеуді ұсынды. Тараптар Қазақстанның атом энергетикасын дамыту жоспарларын іске асыруға канадалық компаниялардың қатысу перспективаларын талқылады.

Ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі - аса маңызды минералдар мен тау-кен өнеркәсібі саласындағы бірлескен іс-қимыл. Қазақстан мен Канада бұл салада мол тәжірибеге ие. Ендігі міндет – шикізаттық ынтымақтастықтан өңдеу ісін дамытуға және қосылған құны жоғары өнім өндіруге көшу.

Ауыл шаруашылығы саласында тараптар өнімділікті арттыру және су мен басқа да ресурстарды тиімді пайдалану үшін канадалық агротехнологияларды қолдану мүмкіндіктерін қарастырды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамыту мәселесі талқыланды.

Ауыл шаруашылығына қатысты айтар болсақ, канадалық агротехнологиялар саласындағы компаниялар тыңайтқыш пен суды аз пайдалана отырып, өнімділікті арттыруға көмектесе алады. Бұл өз кезегінде сіздердің азық-түлік қауіпсіздіктеріңізді қамтамасыз етуге ықпал етеді, – деді Маниндер Сидху.

Серіктестікті маңызды саласы - аэроғарыш. Канадалық тарап, оның ішінде өрт сөндіру авиациясы, сондай-ақ тиісті канадалық әуе кемелері мен технологияларын пайдалану бағытында өзара іс-қимылды кеңейтуге дайын екенін білдірді.

Келіссөздердің маңызды бөлігі инвестиция тарту мәселесіне арналды. Тараптар Шетелдік инвестицияларды көтермелеу және қорғау туралы келісімге (FIPA) қатысты ықтимал келісім бойынша алдын ала жұмысты жалғастыруға келісті. Канадалық тараптың пікірінше, мұндай тетік инвестициялық ынтымақтастықты, әсіресе тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және халықаралық жеткізу тізбектеріне байланысты салалардағы өзара іс-қимылды кеңейтуге ықпал етуі мүмкін.

Әңгіме барысында сыртқы сауданы одан әрі әртараптандыру үшін Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуетін пайдалану мүмкіндігі де аталды. Қазақстан тарапы Канаданың Үнді-Тынық мұхиты стратегиясын іске асыру тәжірибесін ескере отырып, Канаданың Орталық Азия елдерімен өзара іс-қимылының экономикалық стратегиясын әзірлеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Алдағы жұмысты практикалық үйлестіру үшін тараптар басым бағыттарды, сауданы жеңілдету мәселелерін, инвестициялық өзара іс-қимыл мен салалық ынтымақтастықты айқындайтын бірлескен экономикалық жоспар әзірлеуге келісті.

Арман Шаққалиев Маниндер Сидхуды Digital Bridge халықаралық технологиялық форумына және Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды. Өз кезегінде канадалық тарап Қазақстан министрін, оның ішінде PDAC тау-кен конференциясы аясында келіссөздерді жалғастыру үшін Канадаға шақырды. Сөз соңында Канаданың халықаралық сауда министрі Маниндер Сидху Қазақстан тарапын Парламент сайлауының сәтті өтуімен құттықтап, елдің одан әрі дамуына табыс тіледі.

Сондай-ақ оқыңыз: