Шымкентте KPI зауытының заманауи қоймасы ашылды

Еліміздегі газ-химия кешені ішкі нарықтағы полипропиленге деген қажеттілікті қамтамасыз етіп отыр.

ҚазМұнайГаз компаниясына еншілес «Kazakhstan Petrochemical Industries» өнімдерін өңдейтін кәсіпорындардың клиенттік базасы бір жылда 105 компаниядан 180-ге дейін көбейді. Логистика қарқынды дамып жатыр. Шағын және орта бизнесті сапалы шикізатпен үздіксіз қамтитын кешеннің қоймасы Шымкентте ресми ашылды. Сала мамандарының айтуынша, бұл шикізатты уақытылы жөнелтіп қана қоймай, логистикалық шығындарды да азайтуға мүмкіндік береді.

Қойма биыл ақпан айынан бері тесттік режимде жұмыс істеп тұр. Кешен іске қосылғаннан бері оңтүстік өңірдегі қайта өңдеу кәсіпорындарына 3800 тонна полипропилен жөнелтілді. Жалпы сауда-логистикалық орталық бір мезетте мың тоннаға дейін өнімді қауіпсіз әрі сапалы сақтауға мүмкіндік береді.

Мағзат Дәулетияр, KPI компаниясының ішкі нарыққа өнім сату бөлімінің меңгерушісі:

- Түркістан, Шымкент қаласы, Тараз, Жамбыл облысы, Қызылорда облыстары үшін бұл логистика жағынан өте тиімді. Біріншіден уақыт үнемдейді. Екіншіден, қаржыларын үнемдейді. Өңдеушілердің кластері қалыптасып келе жатыр. 

Полипропилен түрлі өндірісте қолданылады.  Бүгінде KPI 17 марка полипропилен өндіреді. Шикізаттан құрылыс материалдары, медициналық бұйымдар, агротекстиль, кілем және өзге де қажетті өнімдер өндіріледі. Бұл өз кезегінде салаға серпін беріп, шағын және орта бизнестің дамуына жол ашты. Соның айқын дәлелі Шымкенттегі «Bal Carpet» фабрикасы. Мұнда полипропиленнен алдымен жіп иіріліп, одан кілем тоқылады.

Дәулет Қанашаев, кілем фабрикасы директорының орынбасары:

- Жалпы кілемде қолданылатын жіптер синтетикалық талшықтардан тұрады. Оның негізгісі ол полипропилен жіптері өзінің сапасымен ерекшеленеді. Одан ұзақ шыдамды болып келеді кілемдер. Айына біздің фабрикамыз 300-350 тонна полипропилен гранулдарын алып отыр. 

2022 жылдан бері елдің полипропиленге деген импорттық тәуелділігі 63%-дан 4% дейін төмендеді. KPI өнімінің бұл саладағы үлесі 2%-дан 80%-ға дейін өсті. Биыл Астана, Алматы және Шымкент қалаларындағы қоймалар арқылы 14 мың тоннаға жуық өнім жөнелтіліп, көрсеткіш былтырмен салыстырғанда үш есеге өсті. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Сондай-ақ оқыңыз: