Қазақстанның сыртқы борышы шамамен 188 млрд долларға жетті
Қазақстанның сыртқы борышы 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 187,9 млрд долларға жетті. Бұл туралы Ұлттық банктің деректерінде айтылған, деп хабарлайды 24KZ.
Жыл басында бұл көрсеткіш 183,1 млрд доллар болған. Осылайша, алты айда сыртқы борыш 4,8 млрд долларға өскен. Алайда оның жалпы ішкі өнімге шаққандағы үлесі 59,9%-дан 56,6%-ға дейін төмендеді. Ұлттық банктің түсіндіруінше, бұған доллармен есептегендегі ЖІӨ көлемінің борыш сомасына қарағанда жылдамырақ өсуі себеп болған. Бұл көрсеткішті есептеу кезінде соңғы 12 айдағы ЖІӨ көлемі ескеріледі.
Сыртқы борышқа мемлекеттің, банктер мен компаниялардың резидент емес ұйымдар алдындағы міндеттемелері кіреді. Ал мемлекеттік борыш бөлек есептеледі. Оған мемлекеттің ішкі және сыртқы кредиторлар алдындағы міндеттемелері жатады.
Сыртқы борыштың 86,2 млрд доллары, яғни шамамен 46%-ы компанияаралық берешекке тиесілі. Оған қазақстандық кәсіпорындардың шетелдік инвесторлар алдындағы міндеттемелері де кіреді.
Ұлттық банк төлем балансы департаментінің директоры Азат Үскенбаевтың айтуынша, сыртқы борыштың елеулі бөлігі компанияаралық берешекке тиесілі. Бұл тікелей шетелдік инвесторлардың экономикаға ұзақ мерзімді қаржы құйып, өндірістік әлеуетті дамытуға капитал, құрал-жабдық пен технология әкелуімен байланысты.
Мемлекеттік сектордың, яғни мемлекеттік басқару органдары мен Ұлттық банктің сыртқы борышы 18,6 млрд доллар болды. Бұл ЖІӨ-нің 5,6%-ына тең. Ал мемлекеттің сыртқы активтері, оның ішінде Ұлттық банктің халықаралық резервтерін қоса есептегенде, 130,8 млрд долларға жетті. Осылайша, сыртқы активтер міндеттемелерден 112,2 млрд долларға артық.