Соңғы 10 жылдағы үздік нәтиже: Қазақстан инновациялық индексте 8 сатыға көтерілді

Фото: ҚР Сыртқы істер министрлігі

Қазақстан Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының 2026 жылғы Жаһандық инновациялық индексінде елеулі ілгерілеу көрсетіп, бірден 8 сатыға көтерілді. Әлемнің 139 елі мен аумағы қамтылған рейтингте Қазақстан 81-орыннан 73-орынға шықты. Бұл – еліміздің соңғы 10 жылдағы ең үздік нәтижесі. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

Өңірлік көрсеткіш бойынша Қазақстан Орталық Азия елдері арасында бірінші орын алды. Ал Орталық және Оңтүстік Азияның 11 экономикасы арасында екінші орынға ие болды. Табыс деңгейі орташадан жоғары 35 елдің ішінде Қазақстан 17-орында тұр.

Ең жоғары өсім инновациялық нәтижелер бойынша тіркелді. Бұл субиндекс бойынша Қазақстан 11 сатыға көтеріліп, 84-орыннан 73-орынға шықты. Ал инновациялық ресурстар субиндексі бойынша 75-орыннан 73-орынға жақсарды.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Қазақстанның рейтингтегі позициясының жақсаруына Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымымен жүргізілген жүйелі жұмыс ықпал еткен. Негізгі назар нақты индикаторларға, оларды есептеу әдістемесіне және деректер сапасына аударылған.

Сонымен қатар ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын шығыстар, университеттер мен бизнестің өзара іс-қимылы, венчурлік қаржыландыру, инновациялық кластерлерді дамыту, бағдарламалық қамтамасыз ету және ғылыми-техникалық жарияланымдар бағыттарында Қазақстанның көрсеткіштерін одан әрі жақсартуға мүмкіндік бар.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз