Қазақстандық мамандар Сингапурда су ресурстарын басқару тәжірибесін зерттеп жатыр
Қазақстандық мамандар Сингапурда су ресурстарын басқарудың озық тәжірибесін зерттеп жатыр, деп хабарлайды 24KZ ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
Қазақстандық делегация Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімовтің жетекшілігімен Сингапур Үкіметі ұйымдастырған «Қалалық су ресурстары мен қалдықтарды тұрақты басқару саласындағы көшбасшылық» атты біліктілікті арттыру бағдарламасына қатысуда.
Бағдарлама ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Singapore Cooperation Enterprise компаниясы арасындағы келісім аясында жүзеге асырылып жатыр. Құжатқа Сингапурдың аға министрінің Қазақстанға 26 тамыздағы ресми сапары кезінде қол қойылған.
Бағдарлама барысында қазақстандық мамандар судың ысырабын азайту, су ресурстарын тиімді пайдалану, су тасқыны қаупін басқару, экологиялық шешімдерді енгізу және су инфрақұрылымын қалалық ортаға бейімдеу тәсілдерін зерделеп жатыр. Сондай-ақ Сингапурдың PUB Ұлттық су агенттігінің жұмысымен танысуда.
Мамандар заманауи технологиялардың іс жүзінде қолданылуын көру үшін ірі су шаруашылығы нысандарына да барады.
Бұдан бөлек, қазақстандық делегация Сингапурдың еңбек ресурстары, сауда және өнеркәсіп мәселелері жөніндегі мемлекеттік министрі Фу Чесянмен, Қазақстанның Сингапурдағы елшісі Асқар Құттықадаммен және бизнес өкілдерімен кездесті. Кездесулерде су саласын дамыту, заманауи басқару тәсілдерін енгізу және екі ел арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.
Бағдарлама нәтижелері Қазақстанның су саласына арналған технологиялық және басқарушылық шешімдерді әзірлеу кезінде ескеріледі. Атап айтқанда, судың ысырабын азайту, цифрландыру, су ресурстарын қайта пайдалану және су шаруашылығы инфрақұрылымының тиімділігін арттыру бағыттарына басымдық беріледі, – деді ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов.