Қазақстанда металл сынығын қабылдаудың жаңа талаптары енгізіледі
Қазақстанда 30 желтоқсаннан бастап металл сынықтарын қабылдау, сақтау, өңдеу және сату талаптары өзгереді, деп хабарлайды 24KZ.
Қара және түсті металл сынықтарын жинаумен, сақтаумен, өңдеумен және сатумен айналысатын кәсіпорындардың жұмысына қойылатын талаптар жаңартылды. Тиісті бұйрықты ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің міндетін атқарушы 28 қыркүйекте бекітті.
Құжатқа сәйкес, кәсіпорындардың арнайы өндірістік базасы, металл сынықтарын тасымалдауға арналған көлігі, кіреберіс жолдары бар жер учаскесі, қажетті құрал-жабдықтары және білікті қызметкерлері болуы тиіс. Заңда көзделген жағдайларда экологиялық рұқсат немесе қоршаған ортаға әсер ету туралы декларация да қажет.
Өндірістік алаңдарда металл сынықтарын бөлек сақтау ұйымдастырылуы керек. Сонымен қатар жарылыс қаупі бар қалдықтарға арналған арнайы орындар, жүк көтергіш механизмдер, металды кесуге және өңдеуге арналған жабдықтар, таразы мен радиация деңгейін өлшейтін құралдар болуы тиіс.
Металл сынығын қабылдау пункттеріне қойылатын талаптар
Қабылдау пункттері таразымен, заңды тұлғаға тиесілі екенін растайтын құжаттармен, жүк көтергіш механизмдермен және кәсіпорын туралы ақпарат, жұмыс кестесі мен сатып алу бағалары көрсетілген маңдайшамен жабдықталуы керек. Сондай-ақ қабылданған шикізатты қағаз немесе электронды түрде есепке алу міндеттеледі.
Жаңа талап бойынша металл сынығын қабылдау пункттері тұрғын аймақтар мен жекелеген қоғамдық ғимараттардың шекарасынан кемінде 9 метр қашықта орналасуы тиіс. Ал металл сынығын сатуға жөнелтуге кәсіпорынның өндірістік базасынан немесе оның филиалдарынан ғана рұқсат етіледі.
Қандай металл сынықтарын қабылдауға болмайды
Металл сынығын қабылдау сатып алу-сату шарты және (немесе) жүкқұжат негізінде жүргізіледі. Сатушылармен есеп айырысу Қазақстанның төлемдер мен төлем жүйелері туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Сонымен қатар кәсіпорындарға жай серіктестіктер мен жеке тұлғалардан, жеке кәсіпкерлерді, шаруа және фермер қожалықтарын қоспағанда, теміржол рельстерін, теміржол жолының элементтері мен жылжымалы құрам бөлшектерін, сондай-ақ кәріз құдықтарының қақпақтарын қабылдауға тыйым салынады.
Бұл талаптар қызметке рұқсат беру кезінде тікелей тексерілмейді. Жаңа ережелер 2026 жылғы 30 желтоқсаннан бастап күшіне енеді.