Атырау облысында кәсіпорындарға темір жонушы жетіспейді

Атырау облысында мұнай-газ және машина жасау кәсіпорындарына 50-ге жуық темір жонушы қажет.

Маман тапшылығын азайту үшін Мақат ауданындағы колледжде токарь ісіне оқыту қолға алынды. Қазір студенттер металл жонудың қыр-сырын меңгеріп жатыр. Кәсіптік бағдар беретін оқу орыны жергілікті еңбек нарығына қажетті маман дайындауға басымдық береді.

Мақат мұнай және газ технологиялық колледжінің шеберханасында қазір студенттер 7 станокпен жұмыс істеп үйренуде. Бұлардың бәрі өндіріс орындарында қолданылатын құралдар. Студенттер осы жерде білімі мен білігін шыңдап, өндіріске дайын маман болып барады. Колледж де еңбек нарығының сұранысын өтеу үшін қажетті станоктарды алдыруда.

Нұрбол Смағұлов, Мақат мұнай және газ технологиялық колледжінің өндірістік оқыту шебері:

- Бізге жаңадан станоктар келіп жатыр. Бір фрезер станогы және долбёжный станок. Оны да үйрететін боламыз. Бұл жерден, бізден өндіріске дайын маман болып барады. Құрал-жабдық жеткілікті. Өндірсте қандай құралдар бар, бізде сол құралдар бар. Біз өндіріспен тығыз байланыста отырмыз.

Қазір колледжде 350 студент оқып жатыр. Әр шеберхана қажетті құрал-жабдықпен қамтылған. Дуалды оқыту жүйесі де жұмыс істейді. Соның арқасында оқу орнын тәмамдаған студенттердің жұмысқа орналасу көрсеткіші де жоғары.

Айбол Долдашев, Мақат мұнай және газ технологиялық колледжінің директоры:

- Жалпы негізгі бағытымыз – жұмысшы бағыты, жұмысшы мамандығы. Оның ішінде дәнекерлеу ісі, токарь мамандығы, электрик және мұнай-газ операторы. Жалпы жергілікті осы жақын маңдағы кәсіпорындармен бірлесе жұмыс жасап, дуалды оқыту жүйесін іске асырамыз. Одан бөлек өндірістік практикада сол кәсіпорындармен бірігіп жұмыс жасағандықтан, сол кәсіпорындарға жұмысқа орналасуы жоғары.

Нұрсұлтан Құлмұратов облыс орталығындағы кәсіпорында темір жонушы боп жұмыс істейді. 10 жылдан астам уақыт ішінде токарлықтың қыр-сырын меңгерген. Оның айтуынша, қазір автоматтандырылған станоктармен жұмыс істей білу маңызды. «Өндіріс орындары да компьютердің тілін білген маманға қызығушылық танытады», - дейді ол.

Нұрсұлтан Құлмұратов, "Studbolt Manufacturing" ЖШС темір жонушысы:

- Темір жонушы мамандығына сұраныс өте көп, жоғары. Қазір оқу орындарында ескі станоктар. Жас мамандарға кеңесім, осы мына жаңа станоктарға үйрену қажет, жас мамандарға. Неге десеңіз, болашақта да мұның жасайтын жұмыстары сұранысқа көп ие болады. 

Аймақтағы кәсіпорындарда қазір дәнекерлеуші, темір жонушы мамандарға сұраныс жоғары. Мұнай-газ саласы мен машина жасау кәсіпорындарынан 50-ге жуық токарьға сұраныс түскен. Қажетті мамандарды даярлау үшін қазір өңірде қысқа мерзімді оқыту курстары да ашылған.

Мереке Есқалиев, еңбек мобильділігі орталығының директоры:

- Токарьларға сұраныс жоғары. Бізде қазір токарьларды өзімізде АПЕК колледжінде оқытып жатыр. Яғни бізде оқудың санаттары қазіргі сұранысқа байланысты артты. Оның себебі заманауи, дамыған технологиялармен жұмыс жасау үшін разрядтарға бөлініп, осы разрядтарға сәйкес, біздің Мақат ауданында орналасқан колледжімізде оқыту, білім беру ұйымдарымен меморандум, келісім-шарт негізінде жүзеге асып жатыр.

Қазір облыста мұнай-газ химиясы саласында 5 инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр. Жұмысшы мамандарға сұраныс қазіргіден де арта түспек. Ал темір жонушы мамандығын меңгерген жастарға өңірде жұмыс табуға мүмкіндік мол.

Асланбек Шығыр, Амантай Матенов, Жандос Рахметуллин

Сондай-ақ оқыңыз: