Қазақстанда жылдық инфляция баяулады
Қазақстанда жылдық инфляция деңгейі тамыздағы 9,8%-дан қыркүйек қорытындысы бойынша 9,3%-ға дейін төмендеді. Инфляцияның баяулауына негізінен азық-түлік тауарлары бағасының өсу қарқынының төмендеуі әсер етті. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Вице-премьердің айтуынша, қыркүйек айында азық-түлік тауарларының бағасы бір айда 0,1%-ға төмендеген. Бұл жалпы инфляция деңгейінің төмендеуіне ықпал еткен негізгі факторлардың бірі болды.
Үкімет Ұлттық Банкпен бірлесіп, инфляцияны төмендетуге бағытталған шараларды іске асыруды жалғастырып жатыр.
«Инфляцияны тежеу – Үкіметтің халықтың нақты табысын арттыру жөніндегі жұмысының бір бағыты болып саналады. Инфляцияның баяулауы аясында осы жылдың екінші тоқсанында халықтың нақты ақшалай табысы бірінші тоқсандағы 0,1%-дан 0,7%-ға дейін өсті», — деді вице-премьер.
Осылайша, қыркүйек қорытындысы бойынша жылдық инфляция тамызбен салыстырғанда 0,5 пайыздық тармаққа төмендеді.