Елімізде көлік өндірісі қалай дамып жатыр?

Фото: depositphotos.com

Қазақстанда соңғы жылдары автомобиль жасау саласына инвестиция салынып, жаңа өндіріс орындары іске қосылды. 2025 жылы Алматыда Chery, Changan және Haval маркаларын шығаратын кәсіпорын жұмысын бастаса, Қостанай облысында KIA Qazaqstan өндірісі жолға қойылды. Екі жоба аясында жалпы саны 5 мыңнан астам жұмыс орны құрылды, деп хабарлайды «24KZ» Ranking.kz деректеріне сілтеме жасап.

Автомобиль жасау – Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіндегі маңызды бағыттардың бірі. Жаңа өндіріс орындарының ашылуы көлік құрастыру көлемін ұлғайтуға, отандық өндірісті дамытуға және өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуге мүмкіндік береді.

2025 жылы Алматыда Astana Motors Manufacturing Kazakhstan кәсіпорны іске қосылды. Мұнда Chery, Changan және Haval маркалы автомобильдер шығарылады. Жоба аясында 3,6 мың жұмыс орны құрылды. Ал Қостанай облысында іске қосылған KIA Qazaqstan кәсіпорны тағы 1,5 мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік берді.

Автомобиль өнеркәсібінің дамуы дайын көлік құрастырумен ғана шектелмейді. Бұл сала металл өңдеу, қосалқы бөлшектер мен электр жабдықтарын өндіру, логистика және техникалық қызмет көрсету бағыттарының дамуына да ықпал етеді. Өндірістік кооперацияның кеңеюі отандық кәсіпорындардың жеткізу тізбегіне қосылуына, ал жергілікті жерде автомобиль компоненттерін шығару импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.

Қазақстанда 2019–2026 жылдар аралығында жүзеге асырылған өнеркәсіптік жобалардың 187-сі машина жасау саласына тиесілі. Автомобиль өндірісімен қатар, елде тракторлар, автобустар, карьерлік және жол-құрылыс техникасы да шығарылады. Мәселен, Қостанай облысында «Кировец» тракторларын өндіру жолға қойылса, Қарағанды облысындағы QazTehna кәсіпорны автобустар мен арнайы техникалар шығарады.

Жаңа кәсіпорындардың ашылуы инженерлерге, технологтерге, механиктерге және өндіріс операторларына сұранысты арттырады. Сонымен қатар өңірлерде білікті мамандар даярлауға, қосалқы өндірістерді дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға жағдай жасайды.

Жалпы, автомобиль жасау саласына салынған инвестициялар Қазақстанның өндірістік әлеуетін нығайтуға және машина жасау өнеркәсібін әртараптандыруға бағытталған. Ал саланың одан әрі дамуы өндірістік қуаттарды тиімді пайдалануға, жергілікті құрамдастар үлесін арттыруға және отандық жеткізушілердің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге байланысты.

Сондай-ақ оқыңыз: