Ауқатты адамдар мемлекет көмегіне сүйенбеуі керек – Олжас Бектенов
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда әлеуметтік қолдау көрсету тәртібі өзгереді. Енді көмек отбасының материалдық жағдайы мен табысын ескере отырып беріледі, деп хабарлайды «24KZ»
Құрылтай отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттік көмекті тағайындау тәртібін түсіндірді.
«Көпбалалы отбасылардың табысы жоғары немесе төмен екеніне қарамастан, олардың барлығы мемлекеттен бірдей қолдау алып отыр. Біздің ойымызша, бұл – әділетті емес. Өзін-өзі қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар ауқатты азаматтар мемлекет көмегіне сүйенбей, өз күшіне сенуі керек. Мемлекет тек өмірлік жағдайына байланысты өз күнін өзі қамтамасыз ете алмайтын азаматтарға қолдау көрсетеді және алдағы уақытта да қолдайды», - деді Премьер-министр.
Премьер-министр әлеуметтік көмектің мақсаты азаматтарды тұрақты түрде жәрдемақыға тәуелді ету емес, олардың өз бетінше табыс тауып, мұқтаждар санатынан шығуына мүмкіндік беру екенін атап өтті.
Үкімет басшысының сөзінше, жаңа тәсіл 2027 жылы бюджет қаражатының 700 млрд теңгесін, ал үш жылда шамамен 2,5 трлн теңгесін үнемдеуге мүмкіндік береді. Үнемделген қаражатты басқа маңызды бағыттарға жұмсау жоспарланып отыр.