Елімізде ет, сүт және жұмыртқа өндірісі өсті
Биылғы жылдың алғашқы тоғыз айының қорытындысы бойынша елімізде мал шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 3 трлн 226 млрд теңгеден асты, деп хабарлайды «24KZ».
Ал нақты көлем индексі 103,5%-ды құрады. Есепті кезеңде Қазақстанда барлық ет түрлерінің өндірісі 846,5 мың тоннаға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,7%-ға жоғары.
Атап айтқанда, сиыр еті өндірісі 301,6 мың тоннаны құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылы 282,3 мың тонна болған. Қой еті өндірісі 88,6 мың тоннадан 91,2 мың тоннаға, ал жылқы еті 115,3 мың тоннадан 119,9 мың тоннаға дейін өсті. Өткен жылы 276,1 мың тонна құс еті өндірілсе, биыл бұл көрсеткіш 277 мың тоннаға жетті.
Сүт пен жұмыртқа өндірісінде де оң динамика байқалады. Ағымдағы жылдың тоғыз айында елімізде 3,04 млн тонна сүт өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,1%-ға өсті. Ал жұмыртқа өндірісі 7,4%-ға артып, 3 659,8 млн данаға жетті.
Ауыл шаруашылығы жануарларының саны да көбейген. Ірі қара мал саны 8 778,4 мың басқа (103,4%), қой мен ешкі саны 22 609,5 мың басқа (102,3%), жылқы саны 4 787 мың басқа (107,3%), түйе саны 311,5 мың басқа (104%) жетті. Құс саны 49,2 млн басты құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі деңгейдің 100,4%-ын көрсетті.
Ауыл шаруашылығы министрлігі саланың өндірістік әлеуетін арттыру, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының тиімділігін күшейту және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз