Қазақстанда әрбір екінші адам шағын және орта бизнесте еңбек етеді

Фото: ЖИ

Қазақстанда шағын және орта бизнес (ШОБ) экономиканың маңызды салаларының біріне айналып, еңбек нарығындағы рөлін күшейтіп келеді. Соңғы жеті жылда секторда жұмыспен қамтылғандар саны 36,7%-ға артқан, деп хабарлайды «24KZ»

Қр Ұлттық статистика бюросының дегерінше, қазіргі уақытта ШОБ саласында 4,5 миллионнан астам адам еңбек етеді. Бұл — елдегі жұмыспен қамтылған халықтың 48,6%-ы. Ал 2018 жылы сектордағы жұмыс орындарының саны шамамен 3,3 миллион болған.

Соңғы жылдары кәсіпкерлік субъектілерінің саны да айтарлықтай өскен. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 63,5%-ға артып, 2,2 миллионға жетті.

ШОБ өнімінің көлемі 104,8 триллион теңгеге жетті

2025 жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта бизнес өндірген өнім көлемі 104,8 триллион теңгені құрады. Бұл — 2018 жылмен салыстырғанда 3,2 есе көп. Сонымен қатар сектордың елдің жалпы ішкі өніміндегі үлесі 40,9%-ға жетіп, 9,2 пайыздық тармаққа өсті.

Шағын кәсіпкерліктің басым бөлігін жеке кәсіпкерлер құрайды. Олар ШОБ субъектілерінің жалпы санының 69%-ын қамтиды және екі миллионнан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Ал орта кәсіпорындар субъектілердің жалпы санының небәрі 0,1%-ын құрағанымен, тұрақты жұмыспен қамтуда маңызды орын алады. Бұл кәсіпорындарда 428,2 мың адам еңбек етеді. Мұндай ұйымдар қызметкерлеріне толық әлеуметтік пакет ұсынуымен ерекшеленеді.

Сауда көш бастап тұр, ал өндірістің әлеуеті жоғары

Кәсіпорындар саны бойынша сауда саласы алдыңғы орында. Оның үлесі 35%-ды құрайды. Дегенмен жаңа жұмыс орындарын ашу және бизнесті кеңейту тұрғысынан өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және агроөңдеу салаларының әлеуеті жоғары.

Шағын және орта бизнестің дамуына әйелдер де елеулі үлес қосып отыр. Қазіргі уақытта олар барлық ШОБ субъектілерінің 48,1%-ын басқарады. Әйелдердің үлесі жеке кәсіпкерлер арасында 52,6%-ға, ал заңды тұлғалар арасында 28,1%-ға тең.

Осылайша, шағын және орта бизнестің дамуы Қазақстандағы жұмыспен қамтуды арттыруға, кәсіпкерлік белсенділікті күшейтуге және экономиканы әртараптандыруға ықпал етіп отыр.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Сондай-ақ оқыңыз: