Астанада су тұтыну өсті: елордада 20-ға жуық су жобасы жүзеге асырылады

фото: gov.kz

Астанада сумен жабдықтау инфрақұрылымын дамыту және қолданыстағы нысандардың қуатын арттыру бағытында бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр. Алдағы жылдары елордада магистральдық су желілерін салуға қатысты 20-ға жуық жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды «24KZ».

Қала әкімінің айтуынша, елордада су тұтыну көлемі жыл сайын артып келеді. Егер 2024 жылы су тұтыну көлемі тәулігіне 340 мың текше метр болса, биыл бұл көрсеткіш 380 мың текше метрге жетті. Оның қуатын арттыру үшін бірқатар нысан салынып, жаңғыртылып жатыр.

Осыған дейін үшінші сорғы-сүзгі станциясын (ССС-3) салып, пайдалануға бердік. Жобаның қуаты – тәулігіне 105 мың текше метр. Келесі жылы ССС-3 станциясын кеңейту жобасына кірісуді жоспарлап отырмыз, бұл тәулігіне қосымша 70 мың текше метр су береді. Сол сияқты маңызды жобалардың бірі – Телман сорғы станциясынан техникалық су құбырын тарту. Жоспарланған 13,2 шақырым желінің 10,5 шақырымы төселді. Бұл су құбыры су дайындау станцияларына тәулігіне 50 мың текше метр бастапқы су жеткізеді. Бұдан бөлек, Қ. Сәтбаев атындағы арнадан су жеткізетін құбыр тарту арқылы төртінші сорғы-сүзгі станциясын (ССС-4) салу жобасын іске асырып жатырмыз. Жобаның қуаты тәулігіне 210 мың текше метр болады, деп жазды Жеңіс Қасымбек.

Қала әкімінің мәліметінше, магистральдық су желілерін салуға арналған алдағы жобалар елорданың даму қарқыны мен су тұтыну көлемінің артуын ескере отырып әзірленіп жатыр. Оларды іске асыру Астананы тұрақты әрі үздіксіз сумен қамтамасыз етуге бағытталған.

Сондай-ақ оқыңыз: