Қазақстанда 13 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді
Қазақстанда 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында құрылыс жұмыстарының көлемі 11,5%-ға артып, 7,8 трлн теңгеге жетті. Өсім негізінен ғимараттар мен құрылыстарды салу және жөндеу жұмыстарының ұлғаюына байланысты, деп хабарлайды «24KZ».
ҚР Ұлтттық стаистика бюросының дерегінше, есепті кезеңде ғимараттар мен құрылыстарды салу және жөндеу жұмыстарының көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,7%-ға артқан.
Құрылыс жұмыстарының жалпы көлемінде жеке құрылыс ұйымдарының үлесі 89%-ды құрады. Шетелдік ұйымдардың үлесі – 10,3%, ал мемлекеттік ұйымдардың үлесі 0,7% болды.
Қандай нысандар көп салынды?
Құрылыс жұмыстарының басым бөлігі көлік инфрақұрылымы мен тұрғын емес ғимараттарға тиесілі. Атап айтқанда, орындалған жұмыстардың 25%-ы автомобиль және теміржолдар мен метрополитен құрылысына, 21,5%-ы тұрғын емес ғимараттарға, ал 12,6%-ы тұрғын үйлердің құрылысына тиесілі.
Қай өңірлерде өсім жоғары?
2026 жылдың қаңтар-қыркүйегінде Қазақстанның 17 өңірінде құрылыс жұмыстарының көлемі артқан.
Ең жоғары өсім Ұлытау облысында тіркелді. Мұнда көрсеткіш 2,4 есе ұлғайған. Қызылорда облысында өсім 31,5%-ды, Шымкентте 25,4%-ды, Атырау облысында 22,2%-ды құрады.
Сондай-ақ Павлодар облысында құрылыс жұмыстары 18,8%-ға, Алматы қаласында 18,1%-ға, Түркістан облысында 17%-ға, Шығыс Қазақстан облысында 15,2%-ға артқан.
Ақтөбе облысында өсім 12,3%, Абай облысында 11,5%, Алматы облысында 11%, Астана қаласында 11,1% болды.
Тұрғын үй құрылысы да артты
2026 жылдың алғашқы тоғыз айында пайдалануға берілген жаңа нысандардың жалпы ауданы 16,3 млн шаршы метрді құрады.
Осы кезеңде пайдалануға берілген тұрғын үйлердің ауданы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,7%-ға өсіп, 13,2 млн шаршы метрге жетті.
Оның ішінде 8,56 млн шаршы метрі көппәтерлі тұрғын үйлерге, ал 4,59 млн шаршы метрі жеке тұрғын үйлерге тиесілі.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз