Ордабасы ауданында осыған дейін кәсіпті үйінен жүргізген іскерлер үшін өндірістік парк ашылды
Жыл басынан бері елімізде өңдеу өнеркәсібі 8,6% өсті, деп хабарлайды 24KZ.
Жеңіл өнеркәсіп пен химия өнеркәсібінде ең жоғары өсім тіркелді. Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкеновтың айтуынша, бұған жаңа өндірістік желінің көбейгені себеп болған. Мысалы, аудандардың өзінде шағын цехтар ашылып жатыр.
Түркістан облысы Ордабасы ауданының орталығы Темірланда өндірістік парк құрылды. Ауыл маңынан 10 гектар жер бөлініп, арнайы нысандар салынды. Осылайша ауыл кәсіпкерлеріне жағдай жасалды. Көбі бұған дейін үй жағдайында кәсіп ашып, жұмыс істеп келген еді.
Өндірістік парктің алғашқы кезеңінде 1 гектар жерге 5 ғимарат салынды. Әр өндірістік нысанның аумағы 480 шаршы метрден. Соның бірі тұрмыстық химия өнімдерін шығаратын шағын цех. Қазір мұнда кір жууға арналған түрлі зат дайындалып, аудандағы дүкендерде сатылуда. Отандық өнімге сұраныс бар, дейді кәсіпкер. Өз зертханасы бар, 5 адамды жұмыспен қамтыған. Алдағы уақытта тағы жұмыс орнын ашады.
Бағдат Байдулла, ауыл тұрғыны:
- Оның ішінде бізде кір жуатын құрғақ және сұйық ұнтақтар бар және сұйық сабын шығарамыз. Төрт бағытты бөлсек, 12 түрін шығарып жатырмыз. Қазір қолда бар аппаратпен күніне 1 тонна порошок шығарып жатсақ, келешекте күніне 4-5 тонна шығару ойда бар. Осындай үлкен жерге келгеннен кейін қуатты жабдықтар аламыз.
Өндірістік паркте түйіршіктелген жем, шыны мен металл бұйымдар шығарылады. Жалпы құны 1,2 млрд теңге болатын 5 инвестициялық жоба аясында 53 жаңа жұмыс орыны құрылған.
Мұхаммед Сәду, аудандық кәсіпкерлік бөлімі басшысының м.а.:
- Өндірістің парткің басты мақсаты - жергілікті, үй жағдайында жұмыс істейтін кәсіпкерлерді қолдау, соларға қолайлы жағдай жасау мақсатында. Өндірістік паркте орналасқан жобалар кіші қуатты өндіріс орындары деп айтсақ болады. Жалпы осы аудан, облыс көлемінде өнімдерін өткізуге мүмкіндіктері бар.
Жауаптылар жобаның екінші кезеңінде 1 гектар аумаққа тағы да 5 өндірістік ғимарат салынатынын айтады. Ол жерге де ауылдың 5 кәсіпкері орналасып, өз өнімін шығарады. Ерекшелігі сол - мемлекет жермен және қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді. Ал ғимаратты кәсіпкердің қаржысына салады. Осылайша ауылдағы кәсіпкерлікті кезең-кезеңімен дамту жоспарланып отыр.
Азат Оралбаев, Ордабасы ауданының әкімі:
- Жемісті қайта өңдеу цехы қолданысқа берілейін деп жатыр. Ол да үлкен ауқымды өндірістік парк, алма бауы бар. Содан шыққан өнімдерді осы жерде терең өңдейді. Бұл Темірланда ғана емес, біз Бадам, Шұбарсу, Шұбар, Төрткүл және Қарааспан ауылында да осындай өндірістік парктерді салуды қолға алдық. Бұның бәрі кәсіпкерлердің есебінен салынады. Бұл кіші кәсіпкерлікті дамытуға бағытталып отыр.
Айта кетейік, елімізде соңғы жылдары жаңа өнім түрлері көбейді. Олардың қатарында натрий сульфаты, ламинат, алюминий капсулалар және басқа да өнімдер бар. Жалпы жыл басынан бері елде құны 642,3 млрд теңге болатын 106 өнеркәсіптік жоба іске қосылып, 8 мың жұмыс орыны ашылды. Ал жыл соңына дейін құны 1,7 трлн теңге болатын 200 инвестициялық жоба жүзеге асырылады деп жоспарлануда.
Авторлары Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш