Қазақстанның IT-қызметтер экспорты бес жылда 34 есе өсті

Фото: ЖИ

Қазақстанның IT-қызметтер экспорты 2020 жылғы 33,5 миллион АҚШ долларынан 2025 жылдың қорытындысы бойынша 1,142 миллиард АҚШ долларына дейін өсті. Осылайша, отандық цифрлық өнімдер мен технологиялық қызметтер ел экономикасының маңызды экспорттық бағыттарының біріне айналды, деп хабарлайды «24KZ».

ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, IT-қызметтер экспорты 2021 жылы 60,07 миллион АҚШ долларын, 2022 жылы 337 миллион АҚШ долларын, 2023 жылы 529,1 миллион АҚШ долларын, ал 2024 жылы 690,7 миллион АҚШ долларын құраған. 2025 жылы бұл көрсеткіш алғаш рет 1 миллиард АҚШ долларынан асты.

Бұл өсім Қазақстанның цифрлық экономикасы ішкі нарыққа қызмет көрсетумен ғана шектелмей, халықаралық нарыққа да шыға бастағанын көрсетеді. Бағдарламалық қамтамасыз ету, IT-әзірлемелер мен цифрлық шешімдер шетелдік тапсырыс берушілерге ұсынылып, елге экспорттық кіріс әкеліп отыр.

Бұл бағыттың дамуына Astana Hub халықаралық технологиялық паркі де ықпал етуде. Оның резиденттері 2025 жылы 633,8 миллион АҚШ доллары көлемінде IT-қызмет экспорттаған. Шетелге қызмет көрсеткен компаниялар саны 537-ге жетіп, экожүйеде 32 мыңнан астам жұмыс орны құрылған. Astana Hub қатысушыларының қызметтері 111 елге экспортталған.

IT-экспорттың ұлғаюы шикізаттық емес секторды дамытуға, жоғары білікті мамандарға сұранысты арттыруға және қазақстандық компаниялардың халықаралық нарықтағы орнын нығайтуға мүмкіндік береді.

Алдағы мақсаттардың бірі – отандық технологиялық компаниялардың экспорттық әлеуетін кеңейтіп, қазақстандық цифрлық өнімдердің шетелде бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Сондай-ақ оқыңыз: