Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 9,8 трлн теңгеге жетті
Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі соңғы жеті жылда 1,9 есе артып, 9,8 трлн теңгеге жетті. Осы кезеңде агроөнеркәсіптік кешенде өндіріс көлемі ұлғайып, өнімді қайта өңдеу мен экспортты дамытуға басымдық берілді, деп хабарлайды «24KZ».
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мәліметінше, 2019 жылы ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 5,2 трлн теңге болса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 9,8 трлн теңгеге жетті. Өсімдік және мал шаруашылығы, азық-түлік өндірісі мен сыртқы сауда салаларында да оң өзгерістер бар. Сонымен қатар агросекторға құйылатын инвестиция көлемі артып, еңбек өнімділігі жоғарылады.
Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемін екі есе арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау үшін Үкімет бірқатар шараны жүзеге асырып жатыр. Негізгі міндеттер қатарында қаржыландыру тетіктерін жетілдіру, мемлекеттік қолдау шараларын тиімді ету, өндірістік қуаттарды жаңғырту және заманауи агротехнологияларды енгізу бар.
Бұл бастамалар ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттырып, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге және агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуына бағытталған.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз