Қолжетімді несие мен жаңа технология: Қазақстан агросекторды қалай дамытады?
Қазақстанда ауыл шаруашылығы өндірісі өсіп келеді. 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 7,3 трлн теңгенің өнімі өндіріліп, былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 5,8%-ға артты. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Министрліктің дерегінше, тоғыз айда мал шаруашылығы өнімінің көлемі 3,2 трлн теңгеге жетіп, 3,5%-ға өскен. Ал өсімдік шаруашылығындағы өнімнің нақты көлем индексі 107,6%-ды құрады. 2025 жылдың қорытындысында ауыл шаруашылығы өнімінің нақты көлем индексі 105,9% болған.
Технологиялық жаңғырту және тиімділікті арттыру — басты міндет
Өндіріс көлемін ұлғайтумен қатар, шаруашылықтардың өнімділігін арттыру да маңызды. Осы мақсатта Ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіруге, қаржыландыруды қолжетімді етуге және заманауи технологияларды енгізуге басымдық беріп отыр.
Қолжетімді несие шаруаларға техника сатып алып, өндіріс орындарын жаңғыртуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге егіс алқаптарын тиімді пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу және аграрлық ғылымның жетістіктерін өндіріске қолдану көзделген.
Өнімді қайта өңдеу мен экспортты кеңейту де өзекті. Шикізатты дайын өнімге айналдыру оның қосылған құнын арттырып, отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді. Ал жаңа нарықтарға шығу ауыл шаруашылығы өнімінің экспорттық әлеуетін арттыруға жол ашады.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз