Қазақстан ICAO-ның авиациялық қауіпсіздік көрсеткіші бойынша үздік 20 елдің қатарына кірді
Қазақстан Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) авиациялық қауіпсіздік көрсеткіші бойынша әлемнің үздік 20 елінің қатарына енді. Елдің көрсеткіші 95,7%-ды құрады, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Астанаға Авиациялық қауіпсіздік апталығы – 2026 іс-шарасына қатысу үшін келген ICAO Бас хатшысы Хуан Карлос Саласармен кездесуде айтты.
Тараптар Қазақстан мен ICAO арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады. Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға, авиациялық хабтар қалыптастыруға және транзиттік мүмкіндіктерін арттыруға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.
Хуан Карлос Саласар Қазақстанның авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жетістіктерін жоғары бағалады. Оның айтуынша, еліміз әуежайлар мен аэронавигациялық инфрақұрылымды дамытуға басымдық беріп отыр. Сонымен қатар қазақстандық әуе компаниялары ұшақ паркін жаңартып, халықаралық бағыттар желісін кеңейтіп келеді.
Соңғы бес жылда Қазақстанның авиация саласындағы жалпы өнім көлемі 6,5 есе өсіп, 2,9 млрд долларға жетті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ел әуежайлары 31,8 млн жолаушыға қызмет көрсетті. Халықаралық әуе бағыттарының саны 161-ге дейін ұлғайды.
Кездесуде Қазақстанның азаматтық авиациясын 2050 жылға дейін дамытуға арналған CAMP-2050 бас жоспарының маңызы да атап өтілді. Құжатта саланы жаңғырту, авиациялық хабтар қалыптастыру және Қазақстанның халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағыттары айқындалады.
Кездесу қорытындысында Олжас Бектенов пен Хуан Карлос Саласар авиациялық қауіпсіздікті одан әрі арттыру және азаматтық авиацияны тұрақты дамыту үшін ынтымақтастықты нығайтуға уағдаласты.
ICAO Бас хатшысының Қазақстанға сапары – ұйым басшысының Орталық Азия елдеріне жасаған алғашқы ресми сапары.