Әлемдік агробизнес өкілдері Астанада кездесті

Әлемдік агробизнес өкілдері Астанада бас қосты.

Бүгін елордада он жетінші  “KazAgroFarm-2026”халықаралық көрмесі басталды. Дәстүрлі шараға әлемнің 25 елінен  350-ден аса компания қатысып, агроөнеркәсіп кешеніне арналған озық технологияларын ұсынып жатыр. Ынтымақтастық бағыттары да сан алуан. Ауыл шаруашылығы техникасын сатып алудан бастап мал шаруашылығы кешендері мен егіншілік кәсіпорындарына арналған технологияларды енгізуге дейінгі мәселелер қаузалады деп күтілуде.

Биылғы форум бұған дейінгі шаралардан өзгерек. Өзгерек дейтінім, тап осы алаң Орталық Азиядағы ең ірі агроөнеркәсіптік көрме саналады. Мұның маңызын тек қатысушылар санымен өлшеуге болмайды. Себебі бүгін күн тәртібіндегі тақырып салмақты. Саладағы бірнеше бағытта дамытуға арналып отыр. 

Бұдан бөлек бизнестің бизнеспен байланысуына, өндірушінің нақты тапсырыс берушімен кездесуіне және аграрлық сектордың қажетті шешімдерге қол жеткізуіне жағдай жасау көзделген.

Дәстүрлі халықаралық көрме қазақстандық фермерлер үшін биыл  өз елімізде ұйымдастырылып отыр. Мұндағы басты себеп диқандар заманауи технологиялармен және өндірушілермен танысу үшін шетелге барып, уақыт пен қомақты қаражат жұмсап жүрмейді. Тап осы алаңда егіс жұмыстарынан бастап, егін жинау, сақтау және қайта өңдеуге дейінгі түрлі бағыттағы тың әдіс-тәсілдермен таныса алады. Сондай-ақ мал шаруашылығы, жемшөп дайындау, суару, цифрландыру және автоматтандыру технологиялары көрмеге қойылған. Ең бастысы, өндірушілермен, жеткізушілермен және аграршылармен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік бар.

Көрменің іскерлік бағдарламасына мемлекеттік органдардың, бизнес пен салалық ұйымдардың өкілдері қатысады. Нидерланд, Германия, Иран және Беларусь дипломатиялық миссияларының сарапшылары да арнайы шақырылыпты. Халықаралық шараның бүгін алғашқы күні. Көрме жұмаға дейін жалғасады. Осы аралықта шаруашылығын дамытуға құлықты кез келген кәсіпкер мұнда келіп, өзіне керекті кеңес алуға мүмкіндік бар.

Сондай-ақ оқыңыз: