Қазақстанға инвестиция тартуда қай салаларға басымдық беріліп отыр?

фото: ЖИ

Соңғы жеті жылда Қазақстан экономикасына 55 млрд доллар тікелей инвестиция тартылып, 360-тан астам ірі жоба жүзеге асырылды. Бұл туралы «ҚазақИнвест» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Сұлтанғали Кенжеқұлов 24KZ арнасына берген сұхбатында айтты.

Оның айтуынша, осы жобалардың нәтижесінде 50 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл жыл соңына дейін тағы 35 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр.

Соңғы жеті жылда Қазақстан экономикасына 55 млрд доллар тікелей инвестиция тартылды. Осы кезеңде елімізде 360-тан астам ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 50 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Биылғы жылдың алғашқы алты-жеті айында 10-ға жуық жоба іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы 35 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр, - деді «ҚазақИнвест» ҰК» АҚ басқарма төрағасы.

Қазақстанда инвестиция тартудың негізгі бағыттарының бірі – өңдеу өнеркәсібін дамыту. 2019 жылы өңдеу өнеркәсібінің тікелей инвестициялардағы үлесі 14,2% болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 21,3%-ға жетті. Бұл өндірісті әртараптандыруға және экономиканың шикізатқа тәуелділігін азайтуға мүмкіндік береді.

Инвестиция Қазақстанға келген кезде оның экономикамызға қандай пайда әкелетінін ескеруіміз керек. Ең алдымен, жаңа жұмыс орындары ашылып, салықтар мен кедендік баждар төленеді. Сонымен қатар тиісті біліктілік пен тәжірибе қалыптасып, экспортқа бағытталған өндіріс орындары ашылады. Жоғары технологиялық өнім өндіру және оны сыртқы нарыққа шығару маңызды. Қазір ауыл шаруашылығы, машина жасау, цифрландыру және деректерді өңдеу орталықтарын ашу сияқты бағыттарға басымдық беріп отырмыз, - деді Сұлтанғали Кенжеқұлов.

Инвесторларды Қазақстанның географиялық орналасуы да қызықтырады. Еліміз Орталық Азия, Ресей, Кавказ мемлекеттері, Қытай және Еуропа нарықтарына шығуға қолайлы. Сондықтан Қазақстанда өндірілген өнімді шетелге жеткізуге мүмкіндік мол.

Инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту да маңызды міндеттердің бірі. Компания басшысының айтуынша, Қазақстанда ұзақ жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорындардың тапқан пайдасын ел экономикасына қайта салуына жағдай жасау қажет. Бұл жаңа өндіріс орындарын ашуға және бизнесті кеңейтуге мүмкіндік береді.

Мысалы, Carlsberg компаниясы соңғы үш жылда Қазақстанда тағы екі зауытқа инвестиция салған. Бұл инвесторлардың бір жобамен шектелмей, елдегі өндірісін кеңейтуге және жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін көрсетеді.

Сондай-ақ оқыңыз: