Алтын мен күміс қымбаттап барады: сарапшылар бағаның өсу себептерін атады

фото: ЖИ

Әлемдік нарықта алтын мен күмістің бағасы өсіп, оларға деген сұраныс артып келеді. Қазір алтынның бір унциясы 4 163 долларға жуықтаса, күмістің бағасы 57–60 доллар аралығында саудаланып жатыр. Сарапшылар бағаның өсуін геосаяси тұрақсыздықпен, мемлекеттердің алтын-валюта резервтерін әртараптандыруымен және өнеркәсіптік сұраныстың артуымен байланыстырады. Бұл туралы 24KZ телеарнасындағы «Қаржы нарығы» бағдарламасында айтылды.

Экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, мемлекеттер қаржы резервтерін қалыптастырғанда сыртқы тәуекелдерге азырақ тәуелді активтерге басымдық беруге тырысады. Алтын мен күміс осы тұрғыдан капиталды сақтаудың бір жолы ретінде қарастырылып отыр. Бұған қоса, елдер резервтерін бір ғана валютаға байлап қоймай, әртараптандыруға ұмтылады.

Мемлекеттер резервтік қорды қандай валютада қалыптастырамыз деген мәселені қарастырғанда, сыртқы тәуекелдерге көп тәуелді емес әрі тұрақтылық әкелетін активтерге назар аударады. Оған алтын мен күміс жатады. Екіншіден, мемлекеттер экономикасын әртараптандыруға бағыт алып отыр. Резервті тек доллармен немесе бір валютамен сақтау дағдарыс кезінде тәуекел тудыруы мүмкін. Үшіншіден, бағалы металдардың құны өнеркәсіптік сұранысқа да байланысты, – деді экономист Бауыржан Ысқақов.

Күміске деген сұраныстың артуына өнеркәсіптің дамуы да әсер етіп отыр. Ол күн панельдерін өндіруде, жасанды интеллектке арналған чиптер мен электромобильдер жасауда қолданылады. Сценарийде келтірілген Халықаралық асыл металдар нарығына қатысты дерек бойынша, әлемдегі ірі қоймалардағы физикалық күміс қоры соңғы үш жылда 35%-ға азайған. Сонымен қатар нарықта төрт жыл қатарынан күміс тапшылығы тіркеліп отырғаны айтылады.

Сарапшылардың нарыққа қатысты болжамдары да әртүрлі. Сценарийде келтірілген консенсус-болжамға сәйкес, алтынның бір унциясы 4 300–4 400 долларға дейін қымбаттауы мүмкін. Геосаяси жағдай ушыға түссе, баға 4 500 долларға жетуі ықтимал. Ал күмістің құны 62–65 доллар аралығында болуы, өнеркәсіптік тапшылық сақталған жағдайда жыл соңына қарай 70 долларға жақындауы мүмкін.

Дегенмен бағаның өсуі жалғаса береді деп кесіп айтуға болмайды. Бауыржан Ысқақовтың сөзінше, алтын мен күмістің болашақ құнына қатысты теріс, тұрақты және оң сценарийлер қарастырылуы мүмкін. Теріс сценарийде алтын бағасы қазіргі деңгейден едәуір төмендеуі ықтимал.

Менің болжамым үш түрлі деп айтуға болады: теріс, тұрақты және оң. Теріс сценарий бойынша, алтынның қазіргі бағасы шамамен 4 200 доллар болса, ол 3 000–3 500 долларға дейін төмендеуі мүмкін. Мұндай болжамды да жоққа шығаруға болмайды, – деді Бауыржан Ысқақов.

Бағалы металдарға инвестиция салғанда олардың бағасы өзгеріп отыратынын ескерген жөн. Алтын капиталды сақтауға көмектесуі мүмкін, ал күмістің бағасы өнеркәсіптік сұранысқа байланысты құбылмалы келеді. Сондықтан инвестициялық шешім қабылдағанда нарықтағы ахуалды, тәуекелдерді және жеке қаржылық мүмкіндікті ескеру маңызды.

Сондай-ақ оқыңыз: