Алматы – Өскемен автожолының жаңартылған 21 шақырымында көлік қозғалысы ашылды
Республикалық маңызы бар Алматы – Өскемен автожолының 213–234-шақырымдары аралығында негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды «24KZ».
ҚазАвтожолдың мәліметінше, 27 қазаннан бастап жаңартылған 21 шақырымдық бөліктің негізгі жүріс бөлігімен көлік қозғалысы ашылды.
Жоба аясында жолдың асфальтбетон жамылғысы ғана емес, оның негізі, су бұру құрылыстары мен қауіпсіздік нысандары да жаңартылды.
Жолдың беріктігін арттырып, қызмет ету мерзімін ұзарту үшін кейбір тұстарда 1–1,5 метр тереңдікке дейінгі топырақ қабаты алынып, орнына жобалық талаптарға сай жаңа материалдар төселді. Жаңартылған 21 шақырымның өн бойына үш қабатты асфальтбетон жамылғысы салынды.
Жолды еріген қар мен жаңбыр суынан қорғауға ерекше көңіл бөлінді. Жол бойындағы еңістер нығайтылып, тұтас бетоннан су ағатын арықтар мен науалар салынды. Сондай-ақ жерүсті суларын бұру жүйесі жасалды. Бұл шаралар су шайып кетуінің алдын алып, жолдың ұзақ уақыт пайдаланылуына мүмкіндік береді.
Бұған қоса, бұрыннан бар 37 су өткізу құбыры жөнделіп, көлік айрықтарының кірме және шығу жолдарына тағы төрт жаңа құбыр орнатылды. Малдың жолды қауіпсіз кесіп өтуі үшін негізгі жолдың астынан арнайы өткел жасалды. Жануарлардың көлік жүретін бөлікке шығып кетуіне жол бермеу мақсатында жол бойына торлы қоршаулар орнатылды.
Жоба аясында Мұқры өзені арқылы өтетін көпір де толық жөнделді. Көпірдің жол жамылғысы мен деформациялық жіктері ауыстырылып, қоршаулары жаңартылды. Тұтас бетоннан жиектастар орнатылып, көпірдің аралық құрылымдары мен тіректері сырланды.
Осылайша 21 шақырымдық бөлікте жол жамылғысы жаңартылып, негізі нығайтылды және инженерлік құрылыстары жөнделді. Атқарылған жұмыстар қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға, жолдың ауа райы мен су әсеріне төзімділігін күшейтуге және жүргізушілерге қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Қазіргі уақытта жол бойын абаттандыру және жабдықтау жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл жұмыстар көлік қозғалысына кедергі келтірмейді.