Президент Жолдауы: «ҚазАвтоЖол» жол құрылысына қойылатын талаптар мен алдағы жоспарларын айтты

Президент Жолдауында республикалық және жергілікті маңызы бар жолдардың сапасына Үкімет жауапты болуы керектігін айтты. Мемлекет басшысы құрылыс кезінде битум мен қиыршықтастың сапасын сылтауратып, жауапкершіліктен жалтаруға болмайтынын ескертті. Осы тапсырманы орындау үшін қандай жұмыстар қолға алынады? «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашев  «24KZ» арнасына жол құрылысына қойылатын талаптар мен алдағы жоспарлар туралы айтып берді. 

Дархан Иманашевтың пікірінше,жол сапасын арттыру үшін ең алдымен құрылыс материалдары мен жобалау талаптарына басымдық беріледі. Бұл бағытта арнайы жұмыс тобы құрылып, саладағы өзекті мәселелерді талқылауға кіріскен. Оның құрамына мемлекеттік органдар өкілдерімен қатар ғалымдар мен жеке кәсіпкерлер де енген.

Біріншіден, көтеріп жатқан мәселе, әрине, сапа, нормативтік құжаттар. Содан кейін, мысалы, тас мәселесі. Тастың түрі де бар, химиялық ерекшелігі бар, әр өңірдің өз ерекшелігі бар. Соған сәйкес арнайы битум шығарып, жергілікті тасты ескеріп, арнайы қоспа дайындауымыз керек. Соның бәрін қазір қалпына келтіріп жатырмыз,-  деді Дархан Иманашев.

Жол құрылысына мердігердің жауапкершілігін арттыру үшін DBOM тәсілі де қолданыла бастады. Бұл модель бойынша бір компания жобалық құжаттаманы әзірлейді, жолды салады және бірнеше жыл бойы күтіп-ұстауға жауап береді. Қазір Қарағанды–Жезқазған, Бейнеу–Сексеуіл бағыттары мен Транскаспий дәлізіндегі жобалар осы тәсілмен жүзеге асырылып жатыр.

Толық жауапкершілік сапа жағынан, барлық жағынан, жобалау жағынан мердігер компанияда. Бұрын арнайы құжаттамаларды дайындап, тапсырушы ретінде мердігерге беретінбіз. Кейін жұмыстардың қарастырылмағанын, материалдардың дұрыс еместігін алға тартып, мерзімді ұзарту жағдайлары болды. Соның бәрін жою үшін осындай шешімге келдік,-  деді Дархан Иманашев.

Жолдау аясында Көкшетау–Петропавл тас жолын қайта жаңғырту мәселесі де күн тәртібіне шықты. Компания басшысының айтуынша, бұл бағыттағы көлік қозғалысы жиілеген. Қазір алдын ала зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қаржыландыру мәселесі шешілсе, құрылысты келесі жылы бастау жоспарланып отыр.

Қазіргі таңда Көкшетау–Петропавл арасында қозғалыс қарқындылығы алты, кейбір уақыттары жеті мыңнан астам. Сол себептен жол апаттары көбейіп кетті және мал шығу мәселесі пайда болды. Бұл жол 2010 жылы тапсырылған. Сол себепті толық реконструкциялау жұмыстарын жасауға уақыт келді, - деді компания басшысы.

Жол қауіпсіздігін күшейту үшін жасанды интеллектке негізделген камералар да сынақтан өткізіліп жатыр. Құрылғылар көлік қозғалысын бақылап, ауа райы күрт өзгерген жағдайда ақпаратты уақытылы жеткізуге мүмкіндік береді. Қазір пилоттық жоба бірнеше бағытта жүзеге асырылуда. Оның нәтижесі бір жыл көлемінде бағаланбақ.

Ең басында пилоттық режимде үш нысанды қамтыдық. Теміртау–Астана, Астана–Щучинск және Алматы–Қонаев арасында қазір жалғастырып жатырмыз. Бір жылдай жасанды интеллекттің қалай жұмыс істейтінін, нәтижесі қандай болатынын көреміз. Нәтиже берсе, әрине, әрі қарай жалғастырамыз ,-  деді Дархан Иманашев.

Компания басшысының айтуынша, Президент тапсырмасына сәйкес салынып жатқан жаңа жол жобаларында да осындай камераларды орнату қарастырылып отыр. Жол сапасын бақылау, мердігер жауапкершілігін күшейту және заманауи технологияларды енгізу — қауіпсіз әрі тиімді көлік инфрақұрылымын қалыптастырудың негізгі бағыттары.

Сондай-ақ оқыңыз: