Қазақстан 2029 жылға дейін жеті әуежайда ұшу-қону жолағын жаңартады
Қазақстанда азаматтық авиация инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. 2029 жылға дейін жеті әуежайдың ұшу-қону жолағын жаңарту жоспарланған. Оның үшеуінде жаңа жолақ салынып, тағы төртеуінде қолданыстағы инфрақұрылым толық реконструкциядан өтеді. Бұл туралы Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитеті Әуежайлар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Еламан Бағжан «24KZ» арнасына берген сұқбатында мәлімдеді.
Оның айтуынша, жаңа ұшу-қону жолақтары Астана, Шымкент және Ақтөбе әуежайларында салынады. Ал Алматы, Тараз, Жезқазған және Орал қалаларындағы әуежайлардың қолданыстағы жолақтары жаңартылады. Биыл Павлодар әуежайындағы ұшу-қону жолағы толық реконструкциядан өткен. Сондай-ақ 30 жылдан астам уақыт жұмыс істемеген Арқалық әуежайы тамыз айында қайта іске қосылды.
Алдағы үш жылда, яғни 2029 жылға дейін жеті әуежайда жұмыс жүргізу жоспарланған. Астана, Шымкент және Ақтөбе қалаларында жаңа екінші ұшу-қону жолағы салынады. Ал Алматы, Тараз, Жезқазған және Орал қалаларының әуежайларындағы қолданыстағы жолақтар толық реконструкциядан өтеді, - деді Еламан Бағжан.
Бұдан бөлек, елімізде туристік бағыттарды дамыту үшін үш жаңа әуежайдың құрылысы жүргізіліп жатыр. Олар Зайсан, Қатонқарағай және Кендірліде бой көтереді. Ал елордада екінші әуежай салу мәселесі де пысықталып жатыр. 23 қыркүйекте Көлік министрлігі, Астана қаласының әкімдігі және TAV Airports International компаниясы авиациялық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі негіздемелік келісімге қол қойған. Қазір әуежай құрылысына қолайлы аумақ зерделеніп жатыр. Бастапқы нұсқа ретінде қаланың оңтүстік-шығыс бөлігі қарастырылуда. Құрылыс келесі жылы басталады деп жоспарланған.
Қазіргі таңда барлық мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, оңтайлы жер қарастырылып жатыр. Астана қаласының оңтүстік-шығыс жағы басым зерделенуде. Әзірге нақты орны айқындалған жоқ. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, келесі жылы құрылыс басталады деп жоспарлап отырмыз, - деді Еламан Бағжан.
Әуе жүк тасымалын дамыту да басым бағыттардың бірі. Қазір Алматы мен Астана әуежайлары Boeing 777 сияқты ірі әуе кемелерін қабылдай алады. Қарағанды әуежайы кең фюзеляжды Boeing 747 ұшағына қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Ал Шымкент, Ақтау, Ақтөбе, Атырау және Тараз әуежайларында Airbus A320 секілді тар фюзеляжды жүк ұшақтарын қабылдауға қажетті қуат бар.
Сондай-ақ ұлттық жүк тасымалдаушы «Alatau Air Cargo» компаниясының әуе паркін ұлғайту жоспарланып отыр. Қарағанды әуежайы оның негізгі базасы ретінде белгіленген. Компания қараша айында алғашқы жеке әуе кемесі – Airbus A320 ұшағын алмақ. Ал келесі жылдың бірінші жартыжылдығында Boeing 767 ұшағын жеткізу күтілуде. 2036 жылға дейін әуе паркін 10 ұшаққа дейін көбейту көзделген.
Еламан Бағжанның айтуынша, саладағы цифрландыру жұмыстары да қатар жүргізілуде. Қазір еліміздің 11 әуежайында автоматтандырылған паспорттық бақылаудан өтуге арналған 54-тен астам терминал орнатылған. Оның 16-сы Алматы мен Астана әуежайларында жұмыс істейді. Жыл соңына дейін өңірлік әуежайларға тағы 16 терминал қою жоспарланған.
Ал халықаралық әуе қатынасы соңғы бес жылда айтарлықтай кеңейген. 2021 жылдан бері халықаралық бағыттар саны 74-тен 142-ге дейін өсті. Қамтылған елдер саны 25-тен 31-ге көбейді. Апталық рейстер саны 259-дан 754-ке жетті. Ішкі бағыттар да ұлғайып, маршруттар саны 53-тен 60-қа, ал апталық рейстер 537-ден 723-ке дейін артқан.
Биыл жыл басынан бері 20 жаңа халықаралық бағыт ашылып, Қазақстан нарығына бес шетелдік әуе компаниясы қосылған. Ведомство алдағы уақытта әуе қатынасын кеңейту жұмыстарын жалғастырмақ.