Қазақстанда агроөнеркәсіп кешенін қолдауға бөлінетін қаражат көлемі ұлғайды

фото: кадрдан

Биыл Қазақстанда агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру көлемі 1,5 трлн теңгеге жетеді. Оның ішінде ұзақ мерзімді жеңілдетілген несие беруге 270 млрд теңге қарастырылған. Қаражат мал шаруашылығын дамытуға, инвестициялық жобаларды іске асыруға, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға және шаруалардың айналым қаражатын толықтыруға бағытталады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі қаржылық қолдау басқармасының басшысы Шерхан Қаныбек мәлімдеді, деп хабарлайды 24KZ.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығын ұзақ мерзімді әрі қолжетімді қаржыландыруға басымдық беріліп отыр. Осы мақсатта биыл Аграрлық несие корпорациясы мен Қазақстанның Даму банкі арқылы бірнеше бағыт бойынша қаражат бөлінген.

Мемлекет басшысы осыған дейінгі жолдауында және де өзінің тапсырмаларында ауыл шаруашылығы бағытына аса көңіл бөлген болатын. Осының әсерінен соңғы жылдары мемлекет көмегі арқылы ауыл шаруашылығы саласындағы қаржыландыру көлемі аса ұлғая түсті. Ол көлем биылғы жылы 1,5 триллионға жоспарлануда, – деді Шерхан Қаныбек.

Соның ішінде мал шаруашылығын дамытуға арналған «Игілік», «Береке» және «Жайлау» бағдарламалары бойынша жылдық 6 пайызбен несие беріледі. Бұл бағытқа 150 млрд теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта оның 64,2 млрд теңгесі толық бөлініп, шаруаларға жеткізілген.

Ал Қазақстанның Даму банкіне инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін 100 млрд теңге қарастырылған. Оның 65 млрд теңгесі республикалық бюджеттен бөлінген.

Ауыл шаруашылығы техникасын қаржыландыруға 350 млрд теңге бағыттау жоспарланған. Қазір оның 300 млрд теңгесі фермерлерге берілді. Бұдан бөлек, көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына, мал шаруашылығы мен қайта өңдеу саласына қажетті айналым қаражатын толықтыруға шамамен 1 трлн теңге көзделген.

Министрлік ауыл шаруашылығына бюджеттен тікелей қаржы бөлумен қатар, нарықтан қосымша қаражат тарту тетіктерін де пайдаланады. Атап айтқанда, қаржы институттарының несие мөлшерлемесі мен облигациялық қарыздар бойынша купондық сыйақысының бір бөлігі субсидияланады.

Бұл дегеніміз, мемлекеттік бюджетке тікелей қаралмай, ауыл шаруашылығы саласы жыл 12 ай қаржыландыруды алып отыр. Аталған бағытта егер 2025-ші жылы 250 миллиард теңге қарастырылған болса субсидиялауға, бұл дегеніміз жалпы құны 1,3 триллион теңге нарықтық қаражатты тартады. Яғни айтып өтсек, 1 теңге бюджеттік қаражат 4 теңге нарықтық қаражатты тартады, – деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ оқыңыз: