Энергия тапшылығы қашан жойылады?

Елге 123 миллиард киловатт электр энергиясы жетіспейді. Президент энергетика саласын сынап, жаңа электр станцияларын салуға тапсырма жүктеді.

Үкімет: «2035 жылға дейінгі ұзақ мерзімге арналған бірыңғай энергетикалық теңгерімді қайта қарауға тиіс», - деді. Өйткені қуат көзінің жеткілікті деңгейде болуы әр мемлекеттің бәсекеге қабілетін, тіпті экономикалық дербестігін айқындайды.

Өркениет – электр сымы бойымен өркендейді. Тоқ жетіспесе, жетістік те жоқ. Қазіргі елдің жайы осы. Алға қойған мақсаты айбынды. Алайда жарыққа жарымай отыр. Қалауымыз – қарқынды құрылысты қаптату. Экономиканы жаппай цифрландырып, жасанды интеллектіге иек арту. Тек шымбайға бататыны шамға байланысты шама-шарқымыз да шектеулі. Бүгінде өндірілетін сағатына 123 млрд киловатт мүлдем өнімсіз. Президент өзекті мәселені өткір сынады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сондықтан еліміз 2029 жылға қарай қуат көзін артығымен өндіретіндей деңгейге жету керек. Бұл – біздің алдымызда тұрған стратегиялық міндет. Сол үшін жаңа электр станцияларын салып, қолданыстағы нысандар мен электр желілерін жаңғыртуға тиіспіз.

Негізі елде әлеует бар. Тек әрекет кемшін. Қазба байлық қорын мақтана айту бір бөлек. Қолда барды қолдана алу бір басқа. Мәселен, уран да мол, газ да жеткілікті. Көмір тіптен көп. «Әр киловаттың үнемі табиғатқа қосылған үлес» демекші, күн, жел, су, жерасты ыстық суларына дейін – қуат көзі. Сала сарапшысы қазір жаңартылатын энергия да арзандағанын айтып, салыстырма келтірді. 8 жыл бұрын Жамбыл облысында 100 мегаваттық күн электр станциясы 200 млн еуроға салынған. Қапшағайда қуаттылығы тура сондай күн тақтасы 70 млн еуро болған. Тиісінше тариф те төмендейді. Осындай балама жол басты проблеманы шеше алады.

Арман Қашқынбеков, Қазақстанның жаңартылатын энергетика қауымдастығының бас директоры:

- Жүргізілген есеп бар. Қазақстанның жылдық электр энергия тұтынуын қамту үшін бар-жоғы 36 да 36 шаршы шақырым учаскеге күн панельдерін орнату керек. Бұл – 1 мың 300 километр. Бұны кез келген облыста салуға болады. Территориямыз үлкен. Былтыр 1 жылға сағатына 125 млрд киловатт тоқ кеткен. Соны күннен-ақ ала аламыз. Және тұтас елге таралады. Осы жерде жинақтау жүйесі, яғни батареяның да маңызы зор. Қыста электр энергиясына сұраныс артқан кезде тапшылық тудырмай, қор жасақтап қою қолайлы.

Енді 2030 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 15 пайызға жеткізу жоспарланған.

Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

- Қазақстанда 2029 жылдың соңына дейін жалпы 13,3 ГВт жаңа энергетикалық қуатты іске қосу жоспарланып отыр. Оны жүзеге асыру еліміздің электр энергиясына деген ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз етуге және генерациялау қуаттарының 20% профицитін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Уранның мемлекеттік стратегиялық резерві жасақталмақ. Осылай отандық атом электр станциялары шикізатпен қамтылады. Ал «Балқаш» атом электр станциясы құрылысын келер жылы бастау жоспарланған. «Мойынқұм» станциясын салу бойынша ауданы айқындалып, үкіметаралық құжаттарды әзірлеу жұмысы жүргізіліп жатыр. «Ел шикізаттық артықшылығын энергетикалық және технологиялық тұрғыдан өрлеу үшін пайдалануға тиіс», -деді Президент. Көп-көрім шаруаны шамаласақ, көп ұзамай «электр дәуірі» де орнап қалар.

Авторлары: Нысаналы Ығыл, Марат Диханбаев

Сондай-ақ оқыңыз: