Қазақстанда алғашқы АЭС 2038 жылы іске қосылуы мүмкін
Қазақстан атом энергетикасын дамыту арқылы электр энергиясының тапшылығын жойып, болашақта экспорттық әлеуетін арттыруды көздеп отыр. Мемлекет басшысы 2029 жылға қарай елде электр энергиясының 20 пайыздық профицитіне қол жеткізу міндетін белгіледі. Ал атом электр станцияларының іске қосылуы бұл көрсеткішті одан әрі ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл туралы ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі департамент директорының орынбасары Қазыбек Нұрым «24KZ» арнасына берген сұқбатында айтты.
Спикердің пікірінше, атом энергетикасы елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, отандық өндіріс пен ғылымның дамуына да ықпал етеді.
Жалпы атом энергетикасын дамыту – стратегиялық бағыт. Ол ең алдымен еліміздегі электр энергиясына деген болжалды тапшылықты жабады деп есептейміз. Сонымен қатар отандық ғылым, технологиялар дамиды және жаңа технологиялар келеді деп көздеп отырмыз. Осыны біріктіргенде, тек қана атом электр станциясын салу емес, кадр әлеуетін, компанияларды, отандық өндірісті дамытамыз. Ядролық кластерді дамыту деп жоспарлап отырмыз, - деді Қазыбек Нұрым.
Балқаш атом электр станциясының құрылысына отандық компанияларды тарту көзделген. Мамандардың болжамынша, жоба аясындағы жұмыстардың 30 пайызына дейін қазақстандық кәсіпорындар қатыса алады. Қазір Алматы облысының Жамбыл ауданында инженерлік іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мамандар аумақтың геологиялық және сейсмикалық ерекшеліктерін зерттеуде.
Биыл Қазақстан мен Ресей арасында АЭС салу және қаржыландыру мәселелеріне қатысты мемлекетаралық келісімдерге қол қойылды. Сондай-ақ «Қазақстандық атом электр станциялары» мен «Атомэнергоэкспорт» компаниясы арасында құрылыс жобасы бойынша келісімшарт жасалды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Балқаш АЭС құрылысы 2027 жылы басталуы тиіс.
Қазіргі таңда Алматы облысы Жамбыл ауданында инженерлік іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Геологиялық, сейсмикалық ізденістер мамандармен қарастырылуда. Осы іздестіру жұмыстарының нәтижесінде атом электр станциясы жобасында барлық деректер ескерілетін болады, - деді Қазыбек Нұрым.
Атом электр станциясын салуға дайындық халықаралық талаптарға сай жүргізіледі. Қазақстан Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен жүйелі байланыс орнатқан. Келесі жылдың сәуір айында ұйымның сарапшылары Қазақстанға арнайы миссиямен келіп, елдің ядролық инфрақұрылымының дайындығын 19 критерий бойынша бағалайды. Оның ішінде ядролық қауіпсіздік, қоршаған ортаны қорғау, кадр даярлау, қаржыландыру және мемлекеттік ұйымдардың дайындығы бар.
Атом энергетикасына деген сұраныс та артып келеді. Әсіресе жасанды интеллект, деректер орталықтары мен серверлердің дамуы тұрақты электр энергиясын қажет етеді. Себебі мұндай жүйелер тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді. Қазыбек Нұрым атом энергиясын осы қажеттілікті қамтамасыз ететін тұрақты базалық энергия көзі ретінде қарастырады.
Қазақстанның 2050 жылға дейінгі атом энергетикасын дамыту стратегиясында кемінде үш атом электр станциясын салу жоспарланған. Алдын ала болжам бойынша, АЭС-тер 2038 жылдар шамасында іске қосылуы мүмкін. Бұл елдің электр энергиясын экспорттау мүмкіндігін арттырады.
Жасанды интеллект, серверлер, оларды суыту жүйелері тұрақты электр энергиясын қамтамасыз етуді қажет етеді, өйткені ол 24 сағат жұмыс істейді. Осы ретте атом энергиясы тұрақты базалық энергия көзі ретінде жасанды интеллекттің дамуына үлес қосады деп есептейміз, - деді Қазыбек Нұрым.
Ал реактор технологиясын таңдауда қауіпсіздік пен тәжірибеде қолданылуы басты талап ретінде қарастырылған. Балқаш АЭС жобасы үшін үшінші буыннан кейінгі «3+» буынды ВВЭР-1200 реакторы таңдалған. Ол заманауи қауіпсіздік талаптарына сәйкес келеді және қолданыстағы тәжірибесі бар технология саналады.
Ал Мойынқұмда жоспарланған екінші атом электр станциясының технологиясы әзірге анықталған жоқ. Қазір бұл бағытта келіссөздер мен зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Агенттік өкілінің айтуынша, болашақта шағын модульді реакторлар да қарастырылуы мүмкін. Алайда олардың тәжірибеде қолданылуы мен техникалық-экономикалық негіздемесі ескерілуі қажет.
Екінші АЭС бойынша қазіргі таңда келіссөздер жүргізіліп жатыр, әлі технологияны таңдаған жоқпыз. Бірақ ол, әрине, әлі зерттелу үстінде. Қауіпсіздігі жоғары, Фукусима оқиғасынан кейінгі қауіпсіздік жүйелерін қамтамасыз ететін заманауи 3+ буынды реактор болады деп ойлаймын, - деді Қазыбек Нұрым.