Алматы облысында 19,3 млрд теңгеге жылыжай кешені мен астық қоймалары салынып жатыр
Алматы облысында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін нығайту бағытында жалпы құны 19,3 млрд теңгені құрайтын жылыжай және астық өнімдерін қабылдау, сақтау және тасымалдауға арналған көпфункционалды өндірістік-логистикалық кешендері салынып жатыр, деп хабарлайды «24KZ».
Бұл ауқымды инвестициялық жобалар өңірдің азық-түлік инфрақұрылымын түбегейлі жаңартып, отандық өндірушілердің экспорты мен ішкі нарықты қамту мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Аталған бастамалардың негізгі бөлігі болып табылатын құны 17,3 млрд теңгені құрайтын «ALATAU GREEN PRODUCTION» заманауи жылыжай кешені 16 гектар аумақты алып жатыр. Мұнда әрқайсысы 4 гектар болатын қысқы және жазғы жылыжайлар, сондай-ақ көшет пен салат өнімдерін өндіруге арналған мамандандырылған бөлімшелер жұмыс істейді. Жобаның аса маңызды тұсы – өнім сапасын жоғалтпай сақтауға арналған 9 177 шаршы метрлік арнайы қойма инфрақұрылымы.
Бұл қойма 6 мың тоннаға дейін көкөністі ұзақ мерзімге және 720 тоннаға дейін жеміс-жидекті қысқа мерзімге сақтап, жыл бойы нарыққа тұрақты түрде өнім жеткізуге және маусымдық шығындарды барынша азайтуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта бұл нысанның құрылысы 80 пайызға жуық аяқталып, 4 гектарлық шыны жылыжайлар тұрғызылды және жерасты инженерлік коммуникацияларын жүргізу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Сонымен қатар, «Қайрат» индустриялық аймағында құны 2 млрд теңгені құрайтын екінші маңызды жоба – «Стройинвест – TS» серіктестігінің астық өнімдерін қабылдау, сақтау және тасымалдауға арналған көпфункционалды өндірістік-логистикалық кешенінің құрылысы жалғасуда. Бұл мақсатқа 18,45 гектар жер телімі бөлініп, жалпы сыйымдылығы 10 мың тонна болатын заманауи астық қоймалары салынып жатыр.
Жаңа логистикалық орталықтың жылдық жөнелту қуаты 200 мың тоннаға дейін жетеді, бұл өз кезегінде өңірдің астықты ауыстырып тиеу, сақтау және тасымалдау әлеуетін айтарлықтай арттырады. Бүгінгі таңда бұл нысанда теміржол инфрақұрылымының құрылысы толық аяқталып, газ желілерін тарту жұмыстары соңғы кезеңге жетті, ал негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары да аяқталуға жақын тұр. Кешенді келесі жылы пайдалануға беру жоспарланған.