Мамандар ауылдарды аралап, тұрғындарға табыс табудың жолын ұсынады
Ауыл тұрғындары мемлекеттік қолдау алу үшін мекеме жағалап, бағдарлама іздемейді. Енді мамандардың өзі ауылға барып, әр отбасының жағдайын зерделеп, жұмысқа орналасу немесе кәсіп бастау мүмкіндіктерін ұсынады. Бұл – бес облыста қолға алынған «Ауылды дамыту командасы» пилоттық жобасының мақсаты. Бұл туралы 24KZ арнасының «Экономика» бағдарламасында айтылды.
Жоба Түркістан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарында жүзеге асады. Команда құрамына жұмыспен қамту, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, қаржы және әлеуметтік көмек салаларының мамандары кіреді. Олардың міндеті – әр отбасының қажеттілігін анықтап, тиісті мемлекеттік қолдау шараларына бағыттау.
«Ауылды дамыту командасы» – жеке кредиттік немесе гранттық бағдарлама емес. Бұл – қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларын ауыл тұрғындарына кешенді түрде жеткізуге арналған үйлестіру тетігі. Негізгі мақсат – халықтың табысын арттырып, жұмыспен қамту және ауыл кәсіпкерлігін қолдау, - деді ҰЭМ департаментінің бас сарапшысы Абзал Пернебек.
Бұл ретте «Ауылды дамыту командасы» «Ауыл аманаты» бағдарламасымен қатар жұмыс істейді. 2023 жылы іске қосылған бағдарлама аясында ауыл тұрғындарына жылдық 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 5 жылдан 7 жылға дейін жеңілдетілген несие беріледі. Қаражатты мал және өсімдік шаруашылығына, өнім өңдеуге, қызмет көрсетуге және шағын өндіріс ашуға жұмсауға болады.
Жаңа жобаның алғашқы командасы Түркістан облысының Сауран ауданындағы Бабайқорған ауылдық округінде жасақталды. Мұнда шамамен 7 мың адам тұрады. Ауылдағы бастамалардың бірі – «Ауыл аманаты» аясында құрылған ет өңдеу кооперативі. Оған 289 жеке қосалқы шаруашылық біріктірілген.
Кооператив арқылы тұрғындар малын бордақылап, етін өткізуге мүмкіндік алады. Бұл жеке қосалқы шаруашылықтардың табысын арттыруға ықпал етеді, - деді Абзал Пернебек.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2023–2025 жылдары «Ауыл аманаты» бағдарламасына республикалық бюджеттен 166 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Осы уақыт ішінде 21 мыңнан астам шағын несие беріліп, 24 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Биыл тағы 5 мыңнан астам жобаны қаржыландыру жоспарланып отыр.
Осылайша, «Ауылды дамыту командасы» тұрғындардың қажеттілігін анықтап, мемлекеттік қолдауға жол көрсетсе, «Ауыл аманаты» кәсіп бастауға қаржы ұсынады. Екі тетіктің де түпкі мақсаты – ауылдағы табыс көздерін көбейту.