Базалық мөлшерлеме төмендеді: Қолданыстағы кредиттің пайыздық мөлшерлемесін азайтуға бола ма?

Qazaq Expert Club

23 қазанда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 50 базистік тармаққа, яғни 15,75%-ға дейін төмендетті. Белгілі болғандай, базалық мөлшерлеме экономикадағы ақша құнына, ал уақыт өте келе кредиттер мен депозиттердің пайыздық мөлшерлемелеріне де әсер етеді, деп хабарлайды «24KZ».

Алайда кредит базалық мөлшерлеме 18% болған кезде жоғары пайызбен рәсімделсе ше? Қолданыстағы кредит бойынша артық төлемді азайтуға бола ма? Қайта қаржыландыру кезінде қарыз алушы нені ескеруі керек? Осы сұрақтарға Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер, экономика ғылымдарының кандидаты Айгерім Ильясова жауап береді.

«Мұндай жағдайларда қайта қаржыландыру тетігі бар. Яғни адам тиімдірек шарттармен жаңа қарыз алып, сол қаражат есебінен қолданыстағы кредитін өтейді. Ол үшін банктердің ұқсас кредиттер бойынша ұсыныстарын зерттеп, қазіргі кредитпен салыстырғанда тиімдірек шарттарды табу қажет», – дейді қаржыгер.

Егер басқа банк қолданыстағы кредитті қайта қаржыландыру үшін қарыз беруге дайын болса, сарапшы бірнеше маңызды жайтқа назар аударуды ұсынады.

Ең алдымен, әртүрлі банктердің кредиттерін салыстырғанда номиналды мөлшерлемелерді емес, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін (ЖТСМ) салыстыру қажет.

«Банктер «жылдық мөлшерлемесі осынша пайыз болатын кредит» деп жарнамалағанда, әңгіме номиналды мөлшерлеме туралы болып отыр, – деп еске салады қаржыгер. – Ал қарыз алушы үшін кредиттің нақты құны номиналды мөлшерлемеден жоғары, өйткені оған қарызға байланысты түрлі комиссиялар мен төлемдер кіреді».

Сарапшының айтуынша, ЖТСМ қарыз алушы үшін кредиттің нақты құнын көрсетеді. Өйткені ол номиналды мөлшерлемені, банктің қарыз өтінімін қарау және кредит беру комиссияларын, кредитке байланысты сақтандыруды, сондай-ақ қарыз алу кезінде клиент көтеретін басқа да шығындарды қамтиды.

Айта кетейік, 2023 жылы кредиттің толық құнын ашып көрсетуге қойылатын талаптар күшейтілді. Банктер жарнамада номиналды мөлшерлемемен қатар ЖТСМ-ді де көрсетуге міндетті.

«Сонымен қатар кейбір банктер төмен пайыздық мөлшерлеме туралы әсер қалдыру үшін ЖТСМ есебіне кірмейтін қосымша қызметтерді пакетке енгізеді. Мұндай қызметтер «қаржылық кепілдік», «сақтандыру өтемі» және басқа да атаулармен ұсынылуы мүмкін. Сондықтан ұсынылып отырған кредит бойынша барлық төлемдер туралы толық ақпарат сұрау қажет», – деп кеңес береді Ильясова.

Сондай-ақ қолданыстағы кредитті мерзімінен бұрын өтеу тәртібін нақтылап алған жөн. Қаржыгердің айтуынша, 2025 жылғы 31 тамыздан бастап жеке тұлғалар қарыздарын айыппұлдар мен комиссияларсыз мерзімінен бұрын өтей алады.

«Алайда бұл ереже тек 2025 жылғы 31 тамыздан кейін берілген кредиттерге қолданылады. Егер кредит осы күнге дейін рәсімделсе, банктен оны мерзімінен бұрын өтеу шарттарын нақтылау қажет. Әдетте алғашқы алты айдан кейін мұндай комиссиялар болмауы тиіс. Айтпақшы, кейбір банктерде кредитті банк бөлімшесінде мерзімінен бұрын өтегені үшін комиссия алынады, ал мобильді қосымша арқылы өтегенде комиссия болмайды».

Сарапшы кредит бойынша жалпы артық төлем сомасын да бағалауға кеңес береді. Егер жаңа кредит қолданыстағы кредиттің қалған мерзімінен ұзағырақ уақытқа рәсімделсе, пайыздық мөлшерлемесі төмен болғанына қарамастан, жалпы артық төлем ұлғаюы мүмкін.

«Мысалы, сіздің қолданыстағы кредитіңіздің қалдығы 10 млн теңге, жылдық мөлшерлемесі 25%, ал өтеуге қалған мерзімі бір жыл делік. Осы соманы 21% мөлшерлемемен қайта қаржыландырып, кредит мерзімін үш жылға ұзартуды жоспарлап отырсыз. Бірінші жағдайда кредит бойынша қалған артық төлем 1,4 млн теңгені, ал екінші жағдайда 3,3 млн теңгені құрайды. Бірақ бұл ретте отбасы бюджетіне түсетін ай сайынғы жүктеме екі еседен астам азаяды», – деп түсіндіреді Ильясова.

Егер барлық төлемдерді ескергенде қайта қаржыландыру тиімді болса, банкке өтінім беруге болады.

«Алайда базалық мөлшерлеме төмендегеннен кейін банктердің кредиттік ұсыныстары бірден өзгермейді. Базалық мөлшерлеменің оларға әсері толық емес және белгілі бір уақыттан кейін байқалады. Мәселен, 2030 жылға дейінгі ақша-кредит саясаты стратегиясында базалық мөлшерлеменің кредиттік арна арқылы экономикалық белсенділікке әсері жарты жыл ішінде көрінетіні көрсетілген», – деп қорытындылайды Айгерім Ильясова.

Сондай-ақ оқыңыз: