Құрылтай отандық өндірісті қолдаудың жаңа шараларын ұсынды
Өңдеуші секторды ынталандыру және офтейк-келісімшарттарды енгізу мәселелеріне арналған Үкімет сағатының қорытындысы бойынша Құрылтай депутаттары уәкілетті органдарға ұсынымдар әзірледі. Олар мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіруге, нормативтік кедергілерді жоюға, отандық өндірісті дамытуға және ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған, деп хабарлайды «24KZ».
Атап айтқанда, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне технологиялық тұрғыдан күрделі өнім өндірушілердің мемлекеттік ынталандыру шараларын алу жөніндегі өтінімдерін басым тәртіппен қарастыру тетіктерін әзірлеу ұсынылды. Сонымен қатар өңдеу секторы кәсіпорындарына қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігіне талдау жүргізіп, олардың нәтижелілігін айқындау және проблемалық мәселелерді анықтау ұсынылып отыр.
Сауда және интеграция министрлігіне Қаржы министрлігімен және Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, отандық өңделген өнімді өткізу нарықтарын кеңейту жөнінде шаралар қабылдау мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Оның ішінде экспорттық бағыттарды дамыту, сыртқы нарықтарға шығуды қаржылай қолдау көлемін ұлғайту және сауда кедергілерін жою мәселелері қамтылған.
Ұсынымдардың жеке бір бөлігі азық-түлік өнімдерін мемлекеттік сатып алу тетіктерін жетілдіруге қатысты. Қаржы министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, білім беру, денсаулық сақтау ұйымдарының және басқа да мемлекеттік мекемелердің, сондай-ақ ірі кәсіпорындардың тамақтандыруды ұйымдастыру (кейтеринг) қызметтерін сатып алу кезінде отандық өнімді пайдалануды ынталандыру мәселесін пысықтау ұсынылды.