Салық кодексіне екі өзгеріс енгізіледі. Экономика

Банктер берешекті кешкен жағдайда азаматтар жеке табыс салығынан босатылуы мүмкін.

Бірақ оның белгіленген шектеулері бар. Бұл үкімет Салық кодексіне енгізгелі жатқан екі өзгерістің бірі. Осы ретте түсіндіре кетейік: бүгінде банктер белгілі бір себептерге байланысты берешегін уақытылы өтей алмай жатқан азаматтардың қарызын кешіруі мүмкін. Бұл қаржы институты жасақтайтын қарыз қоржынының 10 пайыздық провизия қоры есебінен жүргізіледі. Микроқаржылық ұйымдарда бұл өлшем 20 пайызды құрайды. Енді бұл шектеулерді банктер үшін 5, ал микроқаржылық ұйымдар үшін 10 пайызға дейін түсіру ұсынылды. Осылайша, азаматтар банктен алып, кейін қайтармаған қаржыдан табыс салығын төлемейтін болады. 

Екінші өзгеріс 2030 жылға дейін жеңіл өнеркәсіпті салықтық ынталандыруға қатысты. Саланы қолдаудың бір тетігі - өндірістегі локализациялауды жоғарылату туралы келісім. Яғни жеңіл өнеркәсіп нысаны өнеркәсіп және құрылыс  министрлігімен алдымен арнайы келісімге келіп, кейін инвестициялық шарт жасауға тиіс. Сонда арнайы салықтық жеңілдіктер берілмек. Үкімет екі ұсынысты қолдап, Салық кодексіне енгізбек ниетте. 

Халық табысын есептеу әдістемесі өзгеруі мүмкін 

Отбасының цифрлық картасы мен екінші деңгейлі банктердің ролі одан сайын арта түспек. Неге дейсіздер ғой?  Ұлттық статистика бюросы оларды қосымша дереккөздер тізіміне енгізуге ниетті. Халық табысының мөлшерін анықтау үшін мемлекеттік мекеме отбасының цифрлық картасына үңіле отырып, әр адамның ай сайынғы табысын есептеуі мүмкін. Оған қоса статистика бюросы екінші деңгейлі банктердің есебін де пайдалануды көздеп отыр. Мұнда есептің толықтығы, мерзімділігі сияқты өзге де статистикалық өлшемдер есепке алынбақ. 

Инвестициялық портфель басқарушыларына  ₸60 млрд аударылды

60 млрд теңге! Бұл - қазақстандықтардың соңғы айда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы активтерін жеке басқаруға тапсырған сомасы. Нақтырақ айтсақ, жинақтаушылар қаржысын инвестициялық портфель басқарушыларына 33 500 мың рет аударған екен. Бұл қыркүйек айымен салыстырғанда 16 пайызға төмен. Десе де аударылған қаржы мөлшері 4 пайызға артық. Бұған қыркүйектен бастап БЖЗҚ қорындағы активті түгелдей жеке басқарушыларға сеніп тапсыруға рұқсат берілуі. Жинақталған қаржыны қолданудың ең ұтымды жолы осы болса керек. Соңғы екі айдағы аударым мөлшері 119 млрд теңгеге жуықтайды. Бұл 2021 жылдың қаңтарынан бергі аударылған қаражаттың 40 пайызын құрап отыр. Демек, осы аралықта халық инвестициялық портфель басқарушыларына зер салуға мүмкіндік алды. Осы ретте елде Ұлтттық банктен бөлек, зейнетақы қаржысын түрлі инвестициялық құралдар арқылы басқаратын 6 жекеменшік компания барын айта кеткеніміз жөн болар.

10 айда инвестициялар 4,9%-ға өсті 

Инвестиция тақырыбын әрі қарай өрбітсек. Биыл он айдағы негізгі капиталға инвестиция жылдық мәнде 4,9 пайызға өсті. Halyk Research жүргізген зерттеуге сәйкес, өсім қарқыны былтырғы он айдың қорытындысымен салыстырғанда 8,2 пайызға бәсеңдеген. Бұған алдыңғы аймен салыстырғанда қазанда құйылған қаржының 13 пайызға азаюы әсер етсе керек. Бұдан бөлек, бюджет есебінен қаржыландыру да 14 пайызға дейін қысқарған. Десе де қазына қаржысы мен жеке мердігерлер ақшасын есепке алмағанда, жалпы инвестиция өсімі 14 пайызға дейін, ал шикізаттық емес секторға бюджеттен тыс инвестиция 22 пайызға ұлғайған. 

Әсіресе қаржылық салым қайта өңдеу саласын серпілтті. Мұнда құйылған қаржы көлемі 39 пайызға өскен. Химия өндірісінде 70,5, ал көлік құрастыру саласында 86,6 пайызға ұлғайыпты. Құрылыста да айтарлықтай өсім бар - 28 пайыз. Электрмен жабдықтау саласына құйылған инвестиция 14 пайызға көбейген. Салымның үштен екі бөлігі, яғни 66 пайызға жуығы кәсіпорындардың өз қаржысы екенін айта кеткен жөн. Halyk Research сарапшылары жыл соңына дейін «Халықтық құрылыс» жобасын жүзеге асыру нәтижесінде инвестицияның көлемі өседі деп болжап отыр.

Сондай-ақ оқыңыз: