Ұлттық қор қаржысы қатаң қадағаланады
Қордан бөлінген теңге тиынына дейін бақыланады.
Бұл үшін арнайы комиссия құрылады. Әңгіме "Халықтық құрылыс" жобасына жұмсалатын 6,5 трлн теңге жайлы. Қыруар қаржы қайда, қалай бағытталғаны бұқараға баяндалып отырады.
Ұлттық қордан "Халықтық құрылыс" жобасына 6,5 трлн теңге бөлінеді. Бағытталған қаржының әр тиыны тұрғындардың тұрмысын түзеп, елдің инфрақұрылымын жаңғыртуға жұмсалады. Қадағалау да қарқын алады. Қордан берілген ақшаны бақылау үшін арнайы комиссия құрылады. Бұл жайлы Мемлекет басшысы да айтты. Оның құрамына мемлекеттік органдардың өкілдері, депутаттар, қоғам қайраткерлері, белсенділер, волонтерлер мен журналистер кіреді.
Нұргүл Тау, ҚР Құрылтайының депутаты:
- 6,5 трлн теңге бөлініп отыр. Ол аз ақша емес. Сондықтан осының нақты іске асуын толыққанды бақылау болу керек деп ойлаймын. Жалпы бұл "Халықтық құрылыс" жобасында өте бір жақсы-жақсы салаларға көңіл бөліп отырғаны қуантады. 70-ке жуық денсаулық сақтау саласының, 50-ге жуық білім және спорт, мәдениет саласының нысандары қолдануға беріледі.
Мұндай ірі бастама ел тарихында бұрын-соңды болмаған. Әр аймақта, әсіресе ауылдық елді мекендерде құрылыс қарқын алып, халықтың қажетіне жарайтын нысандар бой көтереді. Жауапкершілік те, бөлінген қаржы да аз емес.
Нұргүл Тау, ҚР Құрылтайының депутаты:
- Ұлттық қорымызды жақсы толтырдық. Көңілге қонымды толтырдық деп айтсақ болады. Енді неге оны біз өзіміздің балаларымыздың болашағы үшін, осы азаматтарымыздың жақсы өмір сүруі үшін қолданбасқа? Ол енді толтыра бергеннен шынын айтқанда халыққа қажеттіні жасап, халықтың мұқтажын, халыққа керек жұмсағанымыз дұрыс секілді.
Айта кетейік, 435 мыңнан астам азамат «Ұлттық қор балаларға» бағдарламасымен қаражатын алды. Олардың шотына 98 млн доллар аударылды. Биылдың өзінде 240 мың азамат ілкімді істің игілігін көрді. Олар 69 млн доллар алды. Оның 70%-ға жуығы баспанаға жұмсалса, қалғаны білім алуға бағытталды.
Мұрат Шәріпов, "БЖЗҚ" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:
- 2024 жылы 1 ақпаннан бастап, 2026 жылғы 1 қарашаға дейін 435 мыңнан астам азамат өзінің қаражатын алды. Сол өтініш берген азаматтардың шотына 97,5 млн АҚШ доллары аударылды. Оның ішінде 286 мың азамат тұрғын үй жағдайын қолдануға арнаса, қалғаны білім мекемелерінің ақысын төлеуіне жұмсалды.
Ұлттық банк ұсынған мәліметке мән берсек, бес жылдың бедерінде қор қаржаты 16 млрд долларға өскен. Биылғы он айда қаржы көлемі 66 млрд АҚШ ақшасынан асты. Ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 50 млрд доллар еді.
Авторлары Шернияз Жалғасбекұлы, Мейрам Жүнісов