384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде мүлік пен қаржыны жария ету шарасы аяқталды

  • 685
  • UPD: 21:58, 02.01.2017

Ел тарихында үшінші мәрте өткізілген мүлік пен қаржыны жария ету шарасы аяқталды.

Кейінгі екі жыл бойына жүргізілген науқан аясында мемлекет мыңдаған қазақстандыққа тиімді мүмкіндік ұсынды. Сәйкесінше, ел экономикасы қомақты капиталмен толығып, 5 триллион теңгеден астам қаржының мүлкі мен ақшасы заңдастырылды.

Еліміздегі мүлік пен қаржыны жария ету науқаны осыдан 2 жыл бұрын басталып, Астана мен Алматыда және Оңтүстік Қазақстан облысында ең тиімді нәтиже берді. Бұл аймақ тұрғындарына шара аясында заңдастырылған қаржының 90%-ы тиесілі. Яғни олардың қолда бар комақты капиталына рақымшылық жасалып, заңды айналымға енуіне мүмкіндік берілді.

Роман Перминов, ҚР ҰБ Қаржы нарығы методологиясы департаменті директорының орынбасары:

- 2014 жылдың қыркүйек айынан бері екінші деңгейлі банктерде жария ету шарасына байланысты 10 мыңнан астам есепшот ашылды. Сөйтіп, 4 триллион теңгеге жуықтайтын қаржы заңдастырылды. Есепшот иелерінің қатарында, ел азаматтары, оралмандар және Қазақстанға келген өзге мемлекет өкілдері бар.

Шара аясында қазақстандықтардың әлемдегі 28 мемлекетте орналасқан мүлкі де заңдастырылды. Бұл тізімде Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей, Испания, Таиланд және Америка Құрама Штаттары да бар. Онда отандастырымыз жария еткен мүліктердің орташа құны 100 миллион теңгеге тең.

Ерлан Сағынаев, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті басқармасының басшысы:

- Жыл басында қазақстандықтар бар болғаны 9 мемлекетте орналасқан мүлкін заңдастыра алды. Қазір олардың қатары 19 елмен толыққан. Әсіресе, Біріккен Араб Әмірліктері, Түркия, Ресей, Өзбекстанда заңды айналымға енген мүліктер көп болды.

Статистикалық деректерге сенсек, екі жылға жалғасқан науқанның былтырғы белсенділігі басым болған. Бұған рақымшылық заңына енгізілген біршама өзгеріс игі ықпал еткендігі анық. Бір ғана мысал. Өткен жылы науқанға қатысуға өтініш білдірген қазақстандықтың есімі еш жерде жарияланбай, құпиялықтың сақталуына толық кепілдік берілетін болды.

Нұрлан Намысов, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің бас сарапшысы:

- Мүліктерін жария еткен жағдайда оның бірі банктік және салықтық құпия болып есептеледі. Әкімдіктер жанындағы комиссия болсын, мемлекеттік кірістер қызметкерлері, банктердің қызметкерлері үшінші тұлғаларға осы мүлікті жария еткені жайлы жариялап жіберетін болса, ол қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болды. Және мүлкін жария еткен жағдайда тәркіленбейді.

Жария ету шарасы арқылы ел азаматтарының 2 триллион теңгеден астам қаржысы мен мүлкін заңдастыру көзделген еді. Дегенмен жоспар асыра орындалып, көрсеткіш екі есеге артты. Енді ел аумағында немесе шет мемлекеттерде мүлкін немесе каржылық капиталын жасырған қазақстандықтар табылса, сот алдында жауап береді. Екі жылға жалғасқан жария ету шарасының нақты қорытындылары алдағы күндері белгілі болады. Бір анығы көлеңкеде қалған мүлкі пен қаржысын заңдастырған ел азаматтары республикалық қазынаны ұлғайтады. Қазірдің өзінде бюджет бүйірі 11 миллиард теңгеге толығып отыр.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Асхат Қарақойшиев

Хабар 24 телеарнасы