384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жүйесімен 300-ден астам әлеуметтік жоба жүзеге асты

  • 1162
  • UPD: 12:50, 07.02.2018

Бүгінде кез келген азамат үшін өз ісін ашып, бизнес бастауға мүмкіндік көп.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығының мамандары кәсіптің көзін табуға барлық жағдай жасалғанын алға тартады. Қазір өз кәсібін ашқысы келетіндерге жеңілдіктер жасалып жатыр. Мәселен, бұрын бизнес жоспарды құрып, оны жүзеге асыруға 220 күн қажет болса, қазір 100 күн жетеді.

2016 жылы елімізде 300-ден астам әлеуметтік маңызы бар жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жүйесі бойынша бастау алды. Олардың 27-сі қол қоюға дайын. Ал 20 жоба іске қосылып, сәтті жүзеге асып жатыр. Арасында балабақша, мектеп және медициналық ұйымдар көп. Яғни халықтың игілігіне жарамды кәсіп түріне басымдық беріліп отыр.

Мамандардың айтуынша, біріншіден, осындай кәсіпті ашу үшін жергілікті әкімдікке өтініш жазу қажет. Ал қаржыны «Даму» қоры арқылы төмен пайыздық мөлшерлемемен алуға болады.

Жігер Көбентаев, Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығының талдаушысы:

- Мысалы, сіз балабақша салғыңыз келеді дейік. Жеріңіз бар, бірақ ғимаратты салуға ақшаңыз жоқ. Қазір қаржы ұйымдары беретін несиелердің пайыздық мөлшерлемесі 19-ға тең. «Даму» қоры бұл соманың тең жартысын субсидиялайды. Кәсіпті ашуға қажетті құрылыс материалдары осы ақшадан төленеді. Ал, мемлекет 4-5 жыл ішінде бұл соманы өтейді. Кейін балабақша қолданысқа берілгеннен кейін, ел бюджетінен әр балаға қажетті қаражат бөлініп отырады.

Бағдарлама бойынша жүзеге асқан жобалардың бірі – Степногор қаласындағы балабақша. Оның ғимараты бұрыннан бос тұрған. Өз кәсібін ашқысы келген Светлана Лагута көп уақыт ойланып, осында балабақша ашуды жоспарлапты. Өз ұсынысын жергілікті әкімшілікке жолдаған ол оң жауап алады. Нәтижесінде 165 бүлдіршін балабақшаға орналасты.

Светлана Логута, кәсіпкер:

- Біздің қалада балабақша жетіспеді. Сол себепті біз бос тұрған ғимаратты жөндеуден өткізіп, мектепке дейінгі білім беру мекемесін ашуды жөн көрдік. Банк арқылы 8 жылға несие алдық. Оны «Даму» қоры субсидиялады. Тәуекелдер көп болғандықтан, мен мемлекетпен келісімшарт жасастым. 

Бизнестің бұл түрін бұрын кәсіпкерлікпен мүлдем айналыспаған адамдар да бастай алады. Өйткені қажетті құжаттарды Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы қызметкерлерінің өздері әзірлеп береді. Керек болса, олар жобаны таңдау міндетін де атқара алады.

Азат Құтпанбетов, Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығының талдаушысы:

- Ең сенімді әріптес ол мемлекеттік әріптес. Мемлекеттік әріптестен қолдау болады. Инвестициялық шығындарды өтеу бойынша. Операциялық шығындарды өтеу бойынша немесе сол жобаны жүзеге асыру аясында өндірілген өнімді сатуда сол жобаның аясында көрсетілетін қызметтерден көмек болады. Тәуекелдер барынша теңдей бөлінеді.

2017 жылы орталық 5 өңірді іріктеп, тұрғындарына тегін көмек бере бастайды. Қалағаны жобаға қатыса береді. Ниеті бар жан мемлекетпен тиімді шартқа отыратын болса, алдағы 30 жылда қалтаның қамын уайымдамаса да болады.

Авторлары: Дариға Ташенова, Асхат Қарақойшиев

Хабар 24 телеарнасы