385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мәжілісте 2017-2019 жылдарға арналған бюджет жобасы қайта қаралып жатыр

  • 455
  • UPD: 11:36, 15.02.2017

Бүгін әдеттегідей Мәжілістің жалпы отырысы өтіп жатыр.

Депутаттар 2017-2019 жылдарға арналған бюджет жобасын қайта қарауға білек сыбана кіріскен.

Аймақты аралап халыққа Жолдаудың басым бағыттарын түсіндірген депутаттар кішігірім үзілістен кейін білек сыбана жұмысқа қайта кірісіп кетті. Бүгінгі отырыста әдеттегідей бірқатар заң жобасы қызу талқыланып жатыр. Соның бірі 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджетке өзгерістер енгізу мәселесі. Жобаны осыдан 2 күн бұрын, яғни дүйсенбіде Қаржы министрі комитет отырысында таныстырған болатын. Бүгін Мəжіліс құжатты қарауға алды. Қазір отырыс соңында заңнама жіті талқыланатын болады.

Бақыт Сұлтановтың бұған дейін жасаған баяндамасы бойынша биыл шығыс көлемі бекітілген жоспардан 2 жарымнан астам трлн теңгеге ұлғайтылады. 11 трлн 176 млрд теңгені құрады. Шығыс көлемін көбейту арқылы Жолдаудағы басым бағыттарды іске асыру көзделіп отыр. Атап айтқанда, мемлекеттік органдарды технологиялық жаңғыртуға және бизнес ортаны жақсартуға 231 млрд теңге бағытталады. Ал аграрлық секторды дамытуға қосымша 60 млрд теңге бөлу көзделіп отыр. Көлік және транзиттік әлеуетке қосымша 127 млрд теңге бөлінеді. Қауіпсіздік шаралары мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске 24 млрд теңгені бағытталады. Сондай-ақ нақтыланып отырған бюджет шеңберінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына баспана сатып алуға қарыз беру үшін 8 млрд теңге қарастырылған. Жалпы алғанда, биыл ел қазынасына 9 трлн 628 млрд теңге түсім түседі деп жоспарланып отыр. Бұл осыған дейін бекітілген бюджет жобасындағы жоспардан 1 трлн 645 млрд теңгеге көп. Ал бюджет тапшылығы 1,5 трлн теңгеден асады. Министрдің жасаған бұл ұсынысына депутаттардың қалай қарайтыны отырыс соңында белгілі болады.

Бұдан бөлек бүгін құқық қорғау жүйесін жетілдіруге бағытталған заң жобасы да бірінші оқылымда қаралды. Құжатты еліміздің Бас прокурорының бірінші орынбасары таныстырды. Иоган Меркельдің айтуынша, егер азаматтар құқық қорғау қызметкерлеріне бағынбай, дөрекелік көрсетсе, салынатын айыппұл көлемін 100 айлық көрсеткіштен 200-ге дейін ұлғайту көзделіп отыр. Ал полицейлердің өміріне қауіп төндірсе, 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.

Хабар 24 телеарнасы