385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан алғаш рет Вьетнамға астық экспорттады

  • 707
  • UPD: 20:38, 04.03.2017

Қазақстан алғаш рет Вьетнамға астық экспорттады.

Қытайдың теңіз жолы арқылы 720 тонна бидай бүгін Хошимин портына жеткізілді. Агроөнім Шығыс Қытайдың Лянь-юнь-ган портынынан ақпанның 5-і күні шыққан болатын. Осылайша Қазақстан үшін Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің үлкен нарығына теңіз жолы ашылды. Бұл Қазақстан темір жолы мен Лянь-юньгандағы қазақ-қытай логистикалық компаниясының бірлескен жобасы. «Вьетнам Социалистік республикасы халқының саны 95 миллионға жуық үлкен нарық. Қазақстан Оңтүстік-Шығыс Азияда, шалғайда жатқан осы мемлекетке алғаш рет астық экспорттады. Біздің бидайды сатып алмай тұрып, вьетнамдық компания алдымен қазақстандық бидайдан тәтті тоқаштар пісіріп, сынап көреді. Нәтижесінде біздің өнімнің сапасы Австралиялық өнімнен кем түспеген. Осылайша 32 контейнер немесе 720 тонна Қазақстан астығын сатып алды.

Сюе Сянь Вэнь, сатып алушы компания өкілі:

- Қазақстан астығын көп мемлекеттерге экспорттағанымен Вьетнам нарығы үшін әлі беймәлім. Біз осы бидай сапасын зертханамызда тексеріп көреміз, егер шынымен жоғары болса, тағы сатып алу ойымызда бар. Қазақстан ұсынып отырған баға Австралиядан сәл жоғары, ал АҚШ бидайынан арзанырақ шығып тұр. Бұл Вьетнам нарығында жаңа бәсекелес ел пайда болды деген сөз.

Осылайша Ляньюньган теңіз порты арқылы Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне жүк тасымалдау мүмкіндігі ашылып отыр. Бірақ бұл астық көлемі соншалықты көп емес. Сондықтан біздің өнім жол жөнекей әр мемлекетке жүкті тарататын кемемен бір айдай жүріп келді. Егер астық көлемі молырақ болса Вьетнамға тезірек жеткізуге мүмкіндік бар. Әйтпесе 720 тоннаны тек Хошимин халқы бір-ақ күнде тұтынады. Жалпы қытайлық сарапшылар бұл Қазақстан басшысының «Нұрлы жол» жаңа экономикалық бағдарламасы мен Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» стратегиясын ұштастырудағы маңызды қадам деп санайды.

Лю Бин, Ляньюньган қазақ-қытай халықаралық логистикалық компаниясының бас директоры:

- Міне сіздер Қазақстан астығының біздің Ляньюньган қытай-қазақ бірлескен терминалы арқылы Ветнамға тасымалдана бастаған тариxи сәтіне куә болып отырсыздар. Келешекте осы дәліз арқылы Қазақстаннан бері қарай және кері бағытта жүк тасымалдау мүмкіндігі жоғары. Қытай Қазақстан арқылы көлік дәлізін дамытуға қолдау көрсетуге дайын.

Қазір тұрмыстық техника, жоғарғы технология тауарларын өндіретін әлемдік компаниялар Вьетнамға инвестиция құйып жатыр. Алдағы уақытта осы бағыт арқылы Орталық Азияға Оңтүсік-шығыс Азия елдерінен электроника, тұрмыстық техника, киім-кешек, тропикалық жеміс-жидектерді кері тасымалдауға болады. Қазақстан Қытай арқылы аталған дәлізбен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер мен еуропаға тауар жеткізе алады. Кері бағытта да жүк тасымалдауға мүдделіміз.

Бекетжан Жұмаханов, ҚР Вьетнам Социалистік республикасындағы Елшісі:

- Біз тек Қазақстан тауарларын ғана емес, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден де жүктерді осы дәліз арқылы жеткізе аламыз. Қазақстан арқылы Ляньюньған портынан тікелей Сайгонға апаратын жол ашылды. Сондықтан оның келешегі зор.

Жалпы Еуразиялық экономикалық аймақ пен Вьетнам арасындағы еркін сауда айналымы жөніндегі келісімге сәйкес 2020 жылға дейін сыртқы тауар айналымын 4 миллиардтан 10 миллиард долларға жеткізу көзделген.

Авторы: Нұрбек Бекен.

Хабар 24 телеарнасы