387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе облыстық кәсіпкерлер палатасы жаңа жобаны қолға алды

  • 982
  • UPD: 22:06, 22.04.2017

Ісі өрге басқан кәсіпкерлер ұсақ шаруаларға қарайласа бастады. Ақтөбе облыстық кәсіпкерлер палатасы жаңа жобаны қолға алды. Мақсат отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсетіп, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту. Жобаға алғашқылардың бірі болып ірі құс фабрикасы қатысып жатыр.

Фабрикадағы инкубатордан үй қорасына ауысқан тауықтар қоң жинай бастапты. Шаруа қожалығының иесі Сергей Точкин құс фермасынан 500 тауық сатып алған. Күн жылынғанша жылы қорада ұстап отыр. Кәсіпкерлер палатасының көмегімен тауықтың біреуін 350 теңгеден алған. Құстың қара базардағы құны 800 теңгеден асады екен. Фабрикамен ары қарай да бірлесе жұмыс жасағысы келеді.

Сергей Точкин, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Осы жазда құс фермасына  голландық тауықтар әкелінеді екен. Егер мүмкіндік болса, осы жолы мың тауық алғым келеді. Голландық тауықтардың жұмыртқасы ірі болады. Құстың өзін семіртіп, күзде сатуды жоспарлаймын. Еті ерекше дәмді болады екен.

Шағын шаруашылыққа қолдау көрсеткен құс фабрикасында 400 мыңнан астам аналық тауық бар. Өткен жылы 100 млн дана жұмыртқа өндіріп, артылғанын көрші облыстарға жөнелткен. Бұрын кәсіпкерлер жұмыртқаны көршілес Ресей облыстарынан тасымалдап келсе, бүгінде нарықта отындық өнім ғана сатылады.

Нұрлан Мусин, құс фабрикасының директоры:

- Бізде кейде тауық көбейіп кетеді де, құс қораға сыймай жатады. Сондықтан балапандарға орын босату үшін, ересек тауықтарды шығаруға тура келеді. Енді ауыл кәсіпкерлері сатып алатын болса, олар үшін тиімді. Тауықтарды үй жағдайында, ашық қорада ұстағаннан кейін сапалы өнім береді. Кәсіпкерлер палатасының бұл бастамасын қолдаймыз.

Кәсіпкерлер палатасы мамандарының айтуынша, бұл жоба екі жаққа да тиімді. Ісін бастаған шаруалар көп шығынданбай, кез келген тауарды арзан бағамен алады. Ірі кәсіпорындар болса артылған өнімдерін дер кезінде сата алады. Болашақта кластер құру жоспарда бар.

Сағынғазы Құрманалин, кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

- Болашақта барлық аудандарда осы жобаны іске асырғымыз келеді. Мысалы, құс шаруашылығын маусымдық кәсіп етуге болады. Жаз мезгілінде жылы қорының да қажеті жоқ, көп қаржыны қажет етпейді. Есесіне бірнеше айда пайда көріп, біраз өнім алуға болады.

Жобаға алғашқы болып қатысқан Сергей Точкин болса құстарға жаздық аула салып жатыр. Бұрыннан ірі қара бағып отырған шаруа құс шаруашылығын қоса дамытпақ. Үй жағдайында бапталған тауықтың еті мен жұмыртқасына сұраныс болады, - дейді ол.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы