387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әзербайжанның БЖЗҚ-дан алған ақшасын қайтару мәселесі 23 мамырда шешіледі

  • 677
  • UPD: 22:03, 19.05.2017

Қазақстанның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Әзербайжанның Халықаралық банкіне қосқан құнды қағаздарының ендігі тағдыры алаң туғызды. Банк шетелдік міндеттемелерді орындауға қауқарсыздығын мойындағаннан кейін қордың салымын кері қайтару мәселесі туындап отыр.

Әзербайжанның Халықаралық банкіне қатысты процестер шетелдік инвесторлардың мүддесін айналып өтпеді. Ресми мәліметке сәйкес, манат девальвациясы кесірінен банктің өткен жылғы шығыны 3 млрд доллардан асты. Банктің шетелдік инвесторлар алдындағы қарызын кері қайтару туралы жариялағаны да сондықтан. Несиелендірушілер қатарында Қазақстанның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры да бар. Осыған байланысты Әзірбайжанның Қаржы нарығын бақылау палатасының өкілі Руфат Аббасов арнамызға сұхбат берді. Оның айтуынша, 23 мамырда Лондонда несиелендірушілердің салымын өтеу жоспары таныстырылады. Кредиторлар барлық сұрақтарына жауапты сол жерде ала алады. Салымшы мемлекеттерге ақшаларын қайтару мерзімі де жіті талқыланады. Қаржы министрлігінің мәліметіне сәйкес, мемлекеттік құнды қағаздар шетелдік валютамен қайтарылады.

Вахид Ахмедов, парламент депутаты, экономист:

- 2015 жылы Халықаралық банкті жекешелендіру арқылы мәселенің алдын алу процесі басталған еді. Бірінші кезеңде банктің ішкі және сыртқы қарыздары анықталды. Мемлекет пен Мұнай қоры ақшалай қолдауларын көрсетті. Бүгінде Халықаралық банк ресми түрде әлі жекешелендірілмесе де оны мемлекеттік банктер қатарына жатқызуға әбден болады. Сондықтан шетелдік салымды жаппай кері қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Мемлекет соңғы 2 жылда банктің 6 млрд долларға жуықтайтын күрделі активтерін өзіне алды. Алайда банк мәселесін өздігінен шешу үшін бұл шаралар жеткіліксіз болып шықты. Халықаралық агенттіктер банктің рейтингін төмендетіп те үлгерді. Әйтсе де банк басшылығы бұл жағдайды қалыпты деп отыр.

Вахид Ахмедов, парламент депутаты, экономист:

Әзербайжан елі – бұл банктің кепілі. Сондықтан Қазақстан мемлекетіне және өзге де инвестор елдерге алаңдауға еш негіз жоқ. Егер қажет қаражат табылмаса, шетелдік қарыз орнын Мұнай қоры толтырады. Қазақстан Әзербайжан үшін маңызды одақтас ел. Сондықтан зейнетақы қорының ақшасы жойылып кетеді деп ойламаймын.

Банктегілер капитал деңгейін өсіріп, бұрынғы беделін қайтаруға болатынына сенімді. Ал әзірге 37 шетелдік кредиторға, оның ішінде Қазақстанның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына Лондондағы кездесуді күтуден басқа амал жоқ. 

Авторлары: Шафаг Алиева, Эльшан Шахбалаев

Хабар 24 телеарнасы