Жаңаөзендік оқушылар елордаға аттанды

Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының 100-ден астам оқушысы EХРО көрмесін тамашалауға аттанды. Тарихи шараның куәгері болуға асыққан балалардың дені тұрмысы төмен отбасынан.

Елордаға алғаш бара жатқан 95 оқушының жолақысын облыстық білім басқармасы көтерді. Тағы 50 балаға мұнай компаниясы қаржылай қолдау көрсетті. Екі вагонға мінген жеткіншектер қауіпсіздігін алты мұғалім, екі дәрігер қадағалайды. Үш күндік сапар аясында 8-сынып оқушылары көрме павильондарын аралап, бас шаһардың көрнекті орындарымен танысады.

Айта кетейік, өңірдің басқа ауыл-аймағында тұратын балалар да халықаралық көрмеден тыс қалмайды. Тамыздың соңына дейін күнара 100 оқушы жүрдек пойызбен Астанаға жол тартпақ.

Гүлсім Жариева, өңірлік туризм басқармасының бөлім басшысы:

- Ертең мектепке келгенде «Мен жазды қалай өткіздім?» деген шығарма жазған кезде, менің өмірімде атаулы оқиға болды, EXPO көрмесін көріп, білім қайттым деп жазатын оқушыларға сәт-сапар тілеп жатырмыз.

Ақжол Әзірбай, мектеп оқушысы:

- Ол жердегі озық технологияларды, сосын жаңа инновациялық техникаларды көруге асығып бара жатырмын. Қазақстанда EXPO көрмесінің өтіп жатқанына мен өте қуаныштымын. Өйткені Қазақстанға көптеген туристер мен қонақтар келеді. Соларды еліміз жақсы қарсы алып, жақсы аяқталса деген ой бар.