384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Самұрық-Қазына» нарыққа 215 компанияның активтерін шығарады

  • 545
  • UPD: 20:46, 15.06.2017

«Самұрық –Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры активтерінің басым бөлігі 2018 жылдың соңына дейін сатылады. Бұл туралы бүгін Астана экономикалық форумы аясында өткен жиында мәлім болды. Компания ұйымдастырған сессия барысында жекешелендіру процесінің жүзеге асуы мен келешегі талқыға салынды.

«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры нарыққа 215 компанияның активтерін шығарғалы отыр. Арасында кішігірім мекемелермен қатар алып кәсіпорындар да бар. Олардың 48-і Айпио арқылы жекешелендіріледі. Ең бірінші болып сатылымға «Эйр Астана» мен «Қазатомпром» шығарылады. 

Берік Бейсенғалиев, «Самұрық-Қазына» АҚ активтерді оңтайландыру жөніндегі басқарушы директоры:

-Жергілікті және шетелдік инвесторлардың қазақстандық компанияларға деген қызығушылығы өте жоғары десек қате айтпаймыз. Біз оны Нью-Йорк, Лондон, Алматы қалаларында өткен инвестор күндері аясында байқадық. Мәселен, «Қазатомпром» кәсіпорны бүкіл әлемде уран өндіру бойынша бірінші орынды иеленіп отыр. Табиғи ресурстардың бағасы да қолжетімді. Сондықтан отандық кәсіпорын активтеріне сұраныс бар.

«Самұрық-Қазына» қоры өз компания активтерін саудаға шығарып  қана қоймай, кәсіпорындардың дайындығын қадағалауды да басты мақсат тұтып отыр. Олардың операциялық және қаржылық қызметтерін жетілдіріп, есеп беру жүйесін ретке келтіру жұмысы белсенді жүріп жатыр. 

Моаззам Мекан, халықаралық қаржы корпорациясының аймақтық директоры:

-Жекешелендіру үрдісін жүзеге асырмас бұрын Қазақстан басқа мемлекеттердің тәжірибесін зерттеу керек. Жаһандық деңгейде болып жатқан өзгерістер көптеген компанияларға кері әсерін тигізіп жатыр. Әсіресе инвесторларды таңдару барысын қатаң қадағалау қажет. Трансформация тек бір ғана адамның игісіне емес, бүкіл елдің экономикасына тиімді болуы тиіс.

Жалпы 2016-2020 жылдары аралығында 800 кәсіпорын жекешелендіріледі. Айта кетейік, бұл бағдарламаның басты мақсаты – ел экономикасындағы мемлекеттің үлесін 15 пайызға төмендету.

Авторлары: Дариға Ташенова, Асхат Қарақойшиев

Хабар 24 телеарнасы